МЕКТЕПТЕРДІҢ БАРЛЫҒЫ МІНСІЗ ЕМЕС
Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті осы жылдың маусым-шілде айларында қаладағы 138 мемлекеттік мектепке мониторинг жүргізді. Мониторингтің мақсаты – білім беру ұйымдарының жай-күйі мен қауіпсіздігін, білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына, білім беру ұйымдарының жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз етілуінің нормаларына сәйкестігін бақылау болып табылады.
Нәтижесінде Шымкенттегі бірқатар мектептерде жоғарыдағы мәселелер әлі күнге дейін реттелмегені анықталған. Атап айтқанда, тексеру нәтижесінде бірқатар мектептің орталықтандырылған су жүйесіне қосылмағаны белгілі болған. Сонымен қатар, базбір білім ұяларында интернет сигналы мардымсыз екені де анықталған. Бұдан бөлек, оқушылар үшін берілетін ыстық тамақты ұйымдастыру қызметтеріне мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілмегені сияқты олқылықтар байқалған.
Анықталған кемшіліктер, оған жол берген мектептер туралы барлық мәліметтер қала әкімінің назарына жеткізілген. Сонымен қатар, тиісті шаралар көру үшін анықтамалық ақпарат қалалық Білім басқармасына жіберілген. Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиева биыл лицензиясын алған №136, №137 және №138 мектептердің заман талабына сай екендіктерін ерекше атап өтті. Өз кезегінде ол жеке кәсіпкерлердің меншігіне тиесілі «Adana», «Abadan-successfull», «TM and art Educational», «Шыңғыс хан» сияқты мектептердің материалдық техникалық базасы заман талабына сай жабдықталғанын және аталған мекемелердің білім берудің озық үлгілерін қолданатынын айрықша жеткізді.