МЫҢНАН АСА АЗАМАТҚА ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІ БЕРІЛДІ
Жыл басынан бері Шымкентке 798 отбасы қоныс аударған. Бұл отбасылардағы 1099 азаматқа қандас мәртебесі берілген. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мәлімдейді. Туған атамекенге қоныс тепкендердің басым көпшілігі Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай және Ресей елінен келгендер. Олар қаланың әр ауданына күрке тігіп отыр.
Жалпы қалада алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарды қолдау мақсатында басқармаға қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы жұмыс істейді. Ол жерде қандастарымыз 6 ай уақыт ішінде мемлекеттік тілді үйреніп, жаңа ортаға тез үйренуге бейімделеді. Сонымен қатар, аталған орталық қандастардың жұмыспен қамтылуына ықпал ету шараларына қатысады. Бұдан бөлек «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығы баспана мәселесі, әлеуметтік жағынан қолдау бойынша да қызмет түрлерін көрсетеді.
Қандастар үшін орталықтың тағы бір тиімділігі онда 12 түрлі мамандық бойынша тегін оқыту қызметінің болуы. Олар: тігінші, кондитер, есепші, компьютер графикасы, шаштараз және т.б. Бүгінде Шымкентте туған жерге табаны тигеніне аз уақыт болғанына қарамастан жұмысқа орналасып, баспана салып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған қандастар да жоқ емес.