ЖЫЛ АЯҒЫНА ДЕЙІН ГЕОАҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛ ҚҰРЫЛАДЫ

Шымкент қаласының жалпы аумағы 116280 гектарды құрайды. Бүгінде қаланың 69,1 мың гектар тұрғын аумағына жоғары денгейдегі аэрофототүсірілім жүргізіліп, ортофотожоспар құрылған.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәжілісінде Шымкент қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Архабаев айтты.
Өз кезегінде ол Бас жоспарға сәйкес қаланың дамуы солтүстік бағытта жүргізіліп жатқанын алға тарта отырып, «әкімшілік іскерлік орталығы аумағы 282 гектар, әкімшілік, көпсалалы мәдени, оқу-ағарту және басқа да халыққа қызмет көрсету ғимараттары, көпқабатты тұрғын құрылыс нысандары салынып, игерілуі толық аяқталуда. Ал «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қала әкімдігі тарапынан геоақпараттық порталды құрып іске асыру жұмыстары осы жылдың аяғына дейін жоспарланды. Сондай-ақ, басқармамен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мақсатында тиісті жұмыстар мен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрымен интеграциялау жұмыстары жасақталған»,-деді.
Сондай-ақ, Нұрлан Төлепбергенұлы басқарма тарапынан азаматтарға 17 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілетінін атап өтті. Соған сәйкес, жыл басынан бері жалпы саны 25 006 мемлекеттік қызмет көрсетілген.