«ТАЛИБАН» БИЛІГІ БАЯНДЫ БОЛА МА?
2001 жылғы 11-қыркүйектегі Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларына жасалған, 3 мыңнан аса адамның өмірін қиған террорлық шабуылдан кейін АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, 1996 жылдан бері ел тізгінін ұстаған «Талибанды» биліктен кетірген. Билікте болған бес жыл ішінде (1996-2001 жж) «Талибан» қозғалысы өздерінің репрессиялық «заңдарымен» ауған халқын әбден зәрезап етті. Олар адамдарды жұрттың алдында дарға асып, жазалауды қалыпты құбылысқа балады. Және жазалау кезінде террор әдістеріне сүйеніп, дарға асу, тас ату, және қол кесу жазаларын қолданды. Айыпталушылар үшін қорғаушы болмады. Тәліптер әйелдерге жұмыс істеуге және оның білім алуына тыйым салды. Әйелдер көшеге буркамен (бүкіл бет пен денені жабатын, көзге кішкене торлы терезе қалдыратын киім) ғана шыға алатын. Көшеге тек күйеуі немесе әкесімен ғана шығуына рұқсат етілетін. Ал әкесі немесе күйеуі қайтыс болған төмен етектілер туысқан еркекпен еріп жүруі тиіс-тін. Әйелдер дүкенге баруы үшін ерін күтуі тиіс болды. Мұндай ережені бұзған әйелдер жазаланатын. Ауғанстандықтар елден еркін шыға алмайтын. Ауғанстанды билеген 1996-2001 жылдары «Талибанды» әлемде тек Пәкістан, БАӘ мен Сауд Арабиясы мойындады. Тәліптер берген төлқұжатты көптеген ел мойындамаған.
2001 жылдан бастап ауған жерінде болған АҚШ әскері осы жылдың мамырынан бастап елден шығарыла бастады. АҚШ Президенті Джо Байден мұндай шешімді төмендегіше түсіндірді.
– Ауғанстандағы соғыстың 20 жылында Америка ол жерге үздік ерлеріміз бен әйелдерімізді жіберді, 1 триллион доллар инвестиция салды. 300 мың ауған әскері мен полицейін жаттықтырды. Оларды әскери құрал-жабдықпен қамтамасыз етті және олардың әуе күштерін күшейтті. Егер Ауған қорғанысы елді ұстап тұра алмаса, бір жыл бола ма, бес жыл бола ма, АҚШ әскерінің ол жерде болуы түк шешпейді. Өзге елдің азаматтық соғысында америкалықтардың болуы маған қисынсыз көрінді.
АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарыла бастағаннан бастап «Талибан» қозғалысы белсенділігін арттырып ауған аудандары мен қалаларын бірінен кейін бірін басып алып жатты. Кейінгі апталарда батыс қолдауына ие Ауғанстан үкіметінің күштері тәліптерге тойтарыс бере алмады.
Осылайша Ауғанстан басына күн туды. Өткен жексенбі 15-тамызда Қазақстан мен БҰҰ экстремистік қозғалыс деп таныған «Талибан» ұйымы ел астанасы Кабулды еш соғыссыз басып алды. Ал Ауғанстанның президенті Ашраф Ғани елден қашып кетті. Ол басқаратын Үкімет құлады. Ашраф Ғани ел басына күн туған қиын сәтте мұндай әрекетке баруын мемлекетте қантөгісті алдын алу үшін барып жатқанын, ал «Талибан» жеңіске қылыш пен қарудың күшімен жеткенін, бірақ олар халықтың ықыласына бөлене алмағанын айтып ұшаққа отырып кете барды. Бірер күннен соң оған БАӘ пана сыйлағаны белгілі болды.
Кабулға басып кірген бойда-ақ тәліптер ел астанасындағы көптеген аудандарды бақылауына алып, Президент сарайына лап берді. Ал бейбіт халық болса, билікке тәліптер келгенін ат тепкендей қабылдап, қатты шошынды. Тәліптердің елде өздерінің репрессиялық заңдарын қайта орнатуы әбден мүмкін екенінен шошынған талай жұрт әуежайға қарап ағылып, босқын ретінде бас ауған жаққа жан сауғалауға әзір тұрды. Алайда әуежайға ағылған ауғандықтардың барлығы ұшаққа сыймады. Өкінішке орай АҚШ-қа бет алған, алайда жолаушылардың шамадан тыс көп болуынан Катарға қонған ұшаққа шамамен 640 адамнан басқа жолаушы сыймады. Бірнеше адам ұшқалы тұрған ұшақтың шассиіне жабысып аласұрды. Салдарынан ұшақ әуеге көтеріліп, дөңгелегін жинағанда шассиге жабысқан үш адам төменге құлап қайтыс болды. Аласұрған халыққа толған Кабул әуежайын бақылауға алған АҚШ әскерилері елді тыныштандыру үшін оқ атты. Кабулдың халықаралық әуежайында жолаушылар рейстері тоқтады. Елдің үрейленгенін көріп отырған тәліптер қозғалысы саяси бюросының ресми өкілі Мұхамед Наим «тәліптер ешқандай дипломатиялық миссияға тиіспейді. Шетел азаматтары мен шетел мисссияларының қауіпсіздігіне кепілдік береді. Ауғанстандағы барлық саяси жетекшілермен диалогқа дайын» деп мәлімдеді. Олар халықты барынша ұстап қалуға тырысып, тұрғындар шапа жекпейді, бұрынғыша өмір сүреді деп уәде беруде. Бірақ ауған халқы әсіресе әйелдер қауымы мұндай мәлімдемелерге құлай сенбейді.
Елді үрейге бой алдырған тәліптер кімдер?
«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда 1994 жылы құрылған. Олар Пәкістан медресесінде тәлім алған пуштундар яғни, ежелгі парсы халқынан тұрады. Олардың мақсаты мемлекетті заңмен емес, шариғат негіздерімен басқару. Олар Ауғанстанды 1996-2001 жылдары билеген. Жоғарыда олардан ауған халқын азат ету үшін АҚШ әскері 20 жыл бойы әрекет еткенін айтып өтті. Бірақ НАТО мен АҚШ әскері биыл 1-мамырда Ауғанстаннан кете бастады. Содан бері бернеше уәлаятты басып алған тәліптердің қолына қазір тұтас елдің билігі тиді.
Жалпы Ауғанстан билігіне тәліптер келмей жатып та елдің бірлігі бекем, ынтымағы күшті болмады. Елдегі кримогендік ахуал алаңдатарлық күйде болды. Тәртіп сақшылары ел тыныштығын өз деңгейінде күзете алмады. Әр уәлаятты әркім биледі. Халықтың мәселесін басқарушы органдар емес, талибандар шешетін деңгейге жетті. Ал биыл АҚШ әскері кете бастағанда тәліптер алдымен шекарадағы бақылау өткізу пункттерін басып алды.
Сарапшылар тәліптердің билікке келуіне қандай баға береді?
Тәліптер билікке келгенмен сарапшылар олардың көптеген мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас құра алатынына сенбейді. Олар онсызда түрлі саяси эксперименттің ортасында қалған ауғандықтардың тұрмысын одан сайын тұралатып, өмір сүру сапасын төмендететініне сенімді.
ҚР Ауғанстан Ислам Республикасындағы бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Өміртай Бітімов Ауғанстан елінің бұлай іштей іруін биліктің нашар болғанымен байланыстырады. Бұрынғы елші көпшілік Ауғанстан билігінен қатты шаршағанын, олар тәліптерді қолдамаса да оларға қарсылық шығармауы соның салдары деп санайды. Сонымен қатар Өміртай Бітімов Ауғанстан билігінің «Талибан» қозғалысына өтуі Қазақстан үшін қауіпті емес деп санайтынын ашып айтты. Бұл туралы ол «Менің ойымша олардың Тәжікстан, Өзбекстан және тағы басқа көрші мемлекеттерге шабуыл жасап қауіп-қатер әкелетіндей жағдайы да жоқ. Ойы да жоқ. Олардың өздерінің проблемасы жетерлік. Қайтадан Үкімет, полиция, әскер құруы керек. Мұның бәрі оңай нәрсе емес»,-деді. Ал саясататнушы Сұлтан Акимбаев «Олар яғни талибандар қазір 1990 жылдардағыдай радикалды емес», -деп санайды.
Қазақстан қандай шешім қабылдады?
Ауғанстандағы жағдайға байланысы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбіден бастап бірнеше рет жиын өткізді. Президент Үкімет мүшелері мен күштік құрылым өкілдері қатысқан жиында шұғыл әрекет ету шараларын талқылады. Және іскерлік қарым-қатынас бойынша шешім қабылдау үшін Президент Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Ауғанстанда бүлік басталған шақта еліміздің Сыртқы істер министрлігі ол елде Қазақстан азаматтары жоқ екенін, тек дипломаттар сонда жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. Бірақ отандық бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше қазақ отбасының тәліптерден қорқып Ауғанстаннан шыға алмай отырғаны туралы материалдарды үздіксіз жариялауда. Соның бірі Әбдісаттар Нематуллаұлы. Ол ағайындарымен 2002 жылы Қазақстан азаматтығын алып, 2011 жылы елге қоныс аударған. Шымкентке тұрақтаса да отбасын асырау үшін Ауғанстанға сауда-саттықпен жиі барады. Қазақстанға бет алатын кезекті сапары қарсаңында елдегі төңкеріс басталып кеткен. Енді ол Ауғанстаннан елге жете алмай отыр.
Өз кезегінде қоғам белсендісі Ауыт Мұхибек 2018 жылғы бейресми ақпарат бойынша Ауғанстанда 45 мың қазақ бар екенін алға тартты. Бірақ еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров Ауыт Мұхибектің бұл бейресми дерегін қате деп санап, Ауғанстанда 200 этникалық қазақтың тұрғанын хабарлады. Ол «Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өздерін қазақпыз деп таныстыратын азаматтар мен түрлі топтардың жүгінуі жиілеп кетті. Бірақ та олардың дәлелдемелері жоқ. Олардың кейбіреулері қазақ тілінде де сөйлей алмайды. Олар қазақ екенін дәлелдеу үшін өздерінің тарихын, байланыстарын айтуы қажет. Қазақша сөйлеуі керек. Елшілікте арнайы комиссия бар. Сол комиссияның шешімімен ғана олар ғана өздерінің қазақ екенін дәлелдей алады»,-деді.
Қайтен күнде де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда тұратын қазақтардың өтінішін тыңдап, «елге келемін» дегендерін Қазақстанға жеткізуге көмектесуді тапсырды. Осыған сәйкес, Ауғанстанда жүрген Қазақстан азаматтары елге әкелініп жатыр. 18-тамызда 25 қазақ Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағымен елге жеткізілді. Оның 15-і ересек, 10-ы кішкентай бала. Тиісінше әлемнің бірқатар елдері де ауғандық босқындарға өз елінен пана сыйлауға дайын екенін мәлімдеп, нақты әрекетке көшіп жатыр.
Әзірге бұл үлкен сұрақ. Себебі елдің вице президенті Амрулла Салех елден ешқайда кетпеген. Ол ешқашан тәліптерге бас имейтінін айтып, өзін тұтас Ауғанстанның уақытша президенті деп жариялады. Жерлестерін тәліптермен соғысуға шақыруда. Салехтың сарбаздары қазірдің өзінде Кабулге тиіп тұрған Чарикер қаласын тәліптерден азат етті. Содырларға қарсы соғысу үшін Салехтың әскеріне өзге де ауғандықтар қосылып жатыр.
Билік тәліптердің қолына өткенмен, әзірге олар ешқандай батыс мемлекеттерімен келіссөз орнатқан жоқ. Тек Еуропалық Одақ қана «Талибанмен» байланыс орнатуға ниетті. Бірақ олар бұл байланыс «Талибан» ұйымын мойындау емес, көші-қонды ушықтырмау үшін жасалып отырғанын ашып айтты.
Сондықтан да «Талибан» қозғалысының билігі тұрақты бола ма жоқ па бұл үлкен сұрақ…
С.НҰРАЙ.