ДЕМОКРАТИЯ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Қазақстан демократия деңгейі бойынша әлемнің 167 елі қатысқан рейтингте 128 орыннан көрінді. Мұндай көрсеткішті The Economist журналының талдау бөлімшесі The Economist Intelligence Unit зерттеушілері жасап шығарды.

Өз кезегінде зерттеушілер тиісті рейтинг жасау кезінде 5 санатқа топтастырылған 60 критерийді басшылыққа алған. Олар елдегі сайлау процесі мен плюрализм, Үкіметтің қызметі, саяси қатысу, саяси мәдениет пен азаматтық бостандықтар. Сарапшылар жасаған рейтингтің алғашқы ондығында Норвегия, Исландия, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада, Финляндия, Дания, Ирландия, Австралия, Нидерланды сынды елдер тұр. Ал Қазақстан авторитарлық басқару режимі бар елдер санатына еніп, 128-ші орынға ие болды. Демократия деңгейі бойынша Қазақстан Зимбабведен (127-орын) бір саты төмен тұрса, Конгодан (129-орын) бір саты жоғары тұр. ЕАЭО және Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанға қарағанда Армения (89-орын) және Қырғызстан (107-орын) жоғары позицияға ие болған. Демократия жағынан Ресей де Қазақстанды басып озып, 124-орынға жайғасқан. Ал Беларусь 148, Өзбекстан 155, Тәжікстан 159, Түркіменстан 162-орынды иеленген. Соңғы 167 орынды Солтүстік Корея елі меншіктейді.
Айта кетейік, The Economist журналының талдау бөлімшесі The Economist Intelligence Unit зерттеушілері мұндай талдауды 2006 жылдан бері жүргізіп келеді.

«Уақыт».