ҚЫЗ КЕЛСЕ – ҚҰТ

Елімізде он тоғыз миллионыншы тұрғын тіркелді

Осы аптадағы айшықты жаңалықтың бірі Қазақстан халқының саны 19 миллионға жеткені болды. Ақжолтай ақпаратты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттер парақшасында жазды. Президент елімізде 19 миллионыншы болып туылған тұрғын Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы есімді қыз бала екенін хабарлаған. Отбасындағы төртінші баланың ата-анасы 1986 жылғы Назгүл Көбентаева, әкесі 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев болып табылады. Алайда Ұлттық статистика бюросы Жәния Азаматқызы 20-маусымда Алматы қаласында туылғанын, туу туралы актісіне сәйкес, нәрестенің ата-анасы Алматы облысы, Іле ауданы, Чапаево ауылында тұратынын хабарлады. Сонымен қатар, аталған бюро он тоғыз миллионыншы тұрғынды анықтау кезінде табиғи қозғалыс өсімі (белгілі бір кезеңде дүниеге келгендер мен қайтыс болғандар арасындағы айырма) және халықтың көші-қон айырымы (ел аумағына белгілі бір кезеңде келгендер саны және оның шегінен тыс кеткендер саны арасындағы айырма) ескерілгенін мәлімдейді.
Айта кетейік тәуелсіздік жылдар ішінде Қазақстан халқының саны 2 557,9 мың адамға өскен.