ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЖЕТЕКШІ ПАРТИЯ МҮШЕЛЕРІ 90 МЛН. ТЕҢГЕГЕ ДЕМЕУШІЛІК ЖАСАҒАН

Осы аптада Шымкент қаласы мәслихатының Nur Otan  фракциясы жарты жылда атқарған жұмысын қорытындылады.  Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жетекші партияның қалалық мәслихаттағы фракциясы өз жұмысына Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының мәжіліс залында өткен жиында шолу жасады. Жиынға партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева төрағалық етті. 

Мәжіліске ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерман Мұхтар, Бекжанов Берік, Ташқараев Ғани мен фракция мүшелері қатысты.
Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында Жол картасы әзірленді. Қадау-қадау істердің реті жазылған Жол картасы 10 басымдық мен 149 іс-шараны құрайды.
Фракция жетекшісі Бекайдар Төлегенов барлық фракция мүшелері Жол картасындағы индикаторлардың орындалуына жауапты болып бекітілгенін алға тарта отырып, қазіргі таңда биылға жоспарланған іс-шаралардың барлығы орындалу үстінде екенін, тек 4 іс-шара орындалмай қалу тәуекелі бар екенін, осы бағытта фракция мүшелері тиісті шаралар жасайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылау мақсатында қалалық филиал жанынан 11 қоғамдық кеңес құрылған. Аталған кеңес тарапынан тиісті мекемелерге 134-ұсыныс жолданып үлгерген.
Бүгінге дейін жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының 7 отырысы өтіп, күн тәртібінде 49 мәселе қаралған. Фракция мүшелерінің тарапынан жыл басынан бері тиісті органдарға 141 депутаттық сауал жолданған. Осы депутаттық сауалдардың нәтижесінде Шымкент қаласы бюджетінен жыл басынан бастап, бүгінге дейін 20344,0 млн.теңге түрлі шешімін күтіп отырған мәселелері бар салаларға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, халық қалаулылары әр тұрғынмен жеке кездесулер ұйымдастырып, партияның қоғамдық диалогқа дайын екенін дәлелдеуде. Атап айтқанда, Жол картасы аясында іс-шаралардың іске асырылуын бақылау мақсатында фракция мүшелері тұрғындармен 200-ге жуық кездесулер өткізілген.
Ағымдағы жылдың алты айында фракция мүшелері 47 қабылдау өткізген. Қоғамдық қабылдауларға барлығы 288 азамат жазылған. Оның ішінде 90 (31%) азаматтың мәселелері оң шешілсе, қалған 198 (69%) азаматқа заң аясында түсінік берілді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы күндерде жүйелі жалғасын табатын болады.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Рақмет, саған дәрігер», «Жастар Отанға!» тағы басқа жобалары мен қайырымдылық акцияларын іске асыруда барлық фракция мүшелері тарапынан азаматтарға жиыны 90 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілген.