КӘСІПКЕРЛЕР САЛЫҚТЫҚ ЖЕҢІЛДІКТЕР ЖАСАУДЫ СҰРАДЫ
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» фракциясының мүшелері Ерман Мұхтар, Бекжанов Берік пен Ташқараев Ғани Шымкенттегі «Құрсай» шағын ауданында салынып жатқан мектеп құрылысының барысымен танысты.
Құрылыс нысаны Абай ауданындағы үш ауысымды мектептер мәселесін түпкілікті шешу мақсатында жүргізілуде. Жаңадан салынып жатқан мектеп пайдалануға берілсе «Құрсай» шағын ауданындағы көптеген өскелең ұрпақтың бір ауысымда білім алуына мүмкіндік туады. Бүгінде «Құрсай» шағын ауданындағы оқушылар саны 3112-ге жеткен.
Құрылысты мердігер мекеме «Бекназ и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Нысанның құрылысы былтыр қараша айында басталған. Қазіргі таңда нысан құрылысының 60 пайызы орындалған. Мектеп осы жылдың аяғына дейін ел игілігіне тапсырылады. Жобаның жалпы құны 835 млн тенге. Шымкентте демографияның өсу үдересі қарқынды. Сондықтан да әлеуметтік маңызы бар нысандарды көптеп салу қала болашағы үшін баянды жұмыс болып табылады.
Халық қалаулылары шағын аудандағы жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде ағымдағы жылы сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар түзілгені, аталған жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін Шымкентте 72 мектеп құрылысы жүргізілетіні айтылды. Оның ішінде 2021 жылы 18 732 орынға арналған 32 мектеп құрылысы жүргізіліп (мемлекет 12, жекеменшік 20), жыл соңында 10 222 орынға арналған 20 мектеп (мемлекет 4, жекеменшік 16) пайдалануға тапсырылатыны түсіндірілді. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азаятыны, ал 2023 жылға дейін түпкілікті шешілетіні айтылды.
Бұдан бөлек депутаттар тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесуде «Құрсай» шағын ауданының тұрғындары халық қалаулыларына мектепке баратын жол сапасының сын көтермейтініне наразы екендіктерін білдірді. Өз кезегінде Берік Бекжанов бұл мәселені бақылауға алып, оның шешімін табуына ықпал ететінін айтты. Кездесуге кәсіпкерлер де қатысты. Мәселен, жекеменшік мектеп құрылысын жүргізіп жүрген инвестор аталған нысанды салуға кететін шығынның көптігін ескере отырып, оларды салық төлеу кезінде жеңілдіктерге ие болуын жолға қоюға үйытқы болуды ұсынды. Мәжіліс депутаты Ерман Мұхтар жекеменшік мектептер тек үш ауысым мектеп мәселесін шешіп қана қоймай, оқушылардың сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелерге баруына жағдай жасайтынын, сондықтан да инвесторлардың мұндай ұсыныстары қолдау табуы керектігін атап өтті.
Сонымен қатар депутаттар тұрғындарға «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысын сөз етті.
Жалпы Парламент Мәжілісінің депутаттары Шымкентке 8-шілдеде келген. Содан бері халық қалаулылары тұрғындармен кездесіп, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасының орындалу барысын саралауда. Алдағы уақытта партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолындағы мұндай жұмыстар жалғасын табатын болады
«Уақыт».