ПАРА АЛУ АЗАЙЫП, ПАРА БЕРУ КӨБЕЙГЕН
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар күн құрғатпай болып отыратын құбылысқа айналып отыр. Алайда еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылдан бастап 2020 жылдың аяғына дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректер 10,6 пайызға төмендеп отырғанын мәлімдеп отыр. Бұл туралы құзырлы органның 2020 жылы атқарылған істері туралы баяндамасында айтылған.
Баяндамада келтірілген деректерге сүйенсек, 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 1717 факті тіркелген. Ал 2020 жылы тіркелген деректердің саны 1632-ге жеткен. Бірақ былтыр сыбайлас жемқорлыққа қатысты деректер алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға аз болғанмен, келтірілген шығын көлемі бірнеше есеге асып түскен. Атап айтқанда, 2019 жылы жемқорлық әрекеттің салдарынан 22,7 млрд. теңге залал келтірілген болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 60,1 млрд. теңгені құраған. Бүгінде келтірілген залалдың 50,7 млрд. теңгесі өндірілген.
Агенттік қандай салада сыбайлас жемқорлыққа қатысты фактілер көп тіркелгені туралы талдауларын да ұсынады. Мәселен, былтыр ішкі істер министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты — 342, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде-89, Прокуратура органдарында — 78, Экономикалық тергеу қызметінде — 21 дерек тіркелген. Сонымен қатар пара алу көрсеткіші 568-ге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға азайған. Бірақ пара беру бойынша 624 факті тіркеліп, 2019 жылдан 41,8 пайызға көбейіп отыр. Сыбайластыққа қарсы күрес жүргізетін орган алаяқтыққа қатысты 316 деректі тіркеген. Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін 193 факті тіркеліп, іс қозғаған. Бір қуанарлығы, қызметін теріс пайдаланатындардың саны 2019 жылмен салыстырғанда 31,8 пайызға кеміген. Ал сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету жағдайы 268-ді құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға көбейген.
Жалпы былтыр жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық қылмысқа барғаны үшін 1021 адам сотталған. Соның ішінде 722 адам жаза арқалаған. Жаза арқалаған 722 адамның 144-і қолында билігі бар азаматтар болған. Олардың ішінде 1 облыс әкімі, 4 облыс әкімдерінің орынбасары, министрліктің 2 жауапты хатшысы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудандық және қалалық әкім болған. Агенттіктің атқарған жұмысының нәтижесінде 25 аса ауыр және 1368 ауыр қылмыстың, 112 жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолы кесілген.
С.НҰРАЙ.