ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ ӨСТІ
Шымкентте өнеркәсіп саласында 689 кәсіпорын белсенді жұмыс жасайды. Түтіні түзу шығып жатқан өндіріс орындарының 24 ірі, 49 орта кәсіпорындар болып табылады. Бұл кәсіпорындарда барлығы 32 мыңнан астам адам отбасылық ырыздығын айырып, нәпақа табуда.
Ағымдағы жылдың үш айында белсенді жұмыс істейтін бұл кәсіпорында жиыны 180,4 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл қаржы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 41,4 млрд. теңгеге немесе 12,7 пайызға артық. Осылайша бірінші тоқсанның нақты көлем индексі бойынша 112,7 пайызды құрап, Шымкент Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы облысынан кейінгі төртінші орынды иемденді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ал, өнеркәсіп саласында үлесі 83 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 149,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, есепті кезеңмен салыстырғанда 37,4 млрд. теңгеге немесе 12,9 пайызға өсті. Осылайша, нақты көлем индексі 112,9% жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы республикада 6 орында тұр.