Шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде
Созақ ауданында ауылшаруашылық саласын ілгерілету жұмыстары жүргізілуде. Созақ ауданындағы Созақ ауылының тұрғыны «Болыс-Ата» шаруа қожалығының төрағасы Рысметов Шәріпжан Айтметұлы «ҚазАгроҚаржы» акцонерлік қоғамы арқылы Беларус МТЗ-892-2 доңғалақты тракторын 12 млн теңгеге 7 жылға лизингке алды. Оның 2 млн. 700 мың теңгесі мемлекет тарапынан субсидияланып отыр.
Рысметов Шәріпжан Айтметұлы «Болыс-Ата» шаруа қожалығын 2015 жылы құрып, сол уақыттан бері аудан тұрғындарын жоңышқа, жүгері, қауын, қарбыз, қызанақ пен картоп өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған жайы бар. Одан бөлек, еліміздің ірі қалалары Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларға сапалы, экологиялық таза қауын-қарбызды жөнелтіп отырған.
2019 жылы Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласына 200 тоннадан астам қарбыз жөнелтсе, 2020 жылы карантиндік шектеулерге қарамастан Башқұртстан мемлекетінің Октябрьск қаласына 100 тоннадан астам қарбыз жөнелткен.
«Шаруаның тынымсыз еңбегінің арқасында 70 тоннадан астам жоңышқа, 20 тоннадан астам жүгері жинаса, 1 гектардан 80-90 тонна қарбыз өндірген. Алдағы уақытта Шәріпжан Айтметұлы «Болыс-Ата» шаруа қожалығының жұмыс көлемін кеңейтіп, алатын өнімінде арттыратынын жеткізді. Ауылшаруашылық саласына мемлекеттік бағдарламалар арқылы осындай қолдау жасалып отырса, жұмыстары да өнімді болары сөзсіз»,-дейді Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы Созақ аудандық филиалының директоры Арман Анарбаев. Техникамен өзін өзі қамтыған диханның алдағы тірлігіне тек береке мен молшылық тілейміз.
Мақсат Қарғабай.