ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ АПАТТЫ ЖАҒДАЙСЫЗ ӨТТІ
Биыл қаһарлы қыста бірқатар өңірлердегі жылу құбырлары жарылып, былайғы жұртты дірдек қақтырған болатын. Бірақ Шымкент қаласы мұндай әуре-сарсаңнан аман шықты.
Осы аптаның алғашқы күнінен бастап Шымкентте жылу беру тоқтатылды. Қыс маусымында шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін «Қуат жылу орталығы» мекемесі қала әкімінің өкімімен 1896 көп қабатты үй мен 479 бюджеттік мекемелерге жылу жеткізуді тоқтатты.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған көп қабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелерге жылу беруді тоқтату тұрақты сыртқы ауаның орташа температурасы қатаранын бес күн 8°С және одан жоғары болу ережесіне сай жүзеге асқан.
Естеріңізге сала кетсек, Шымкентте 2020-2021 жылдар бойынша жылыту маусымы өткен жылдың 15-қазанынан басталған болатын. Аталған уақыттан бастап айналасы бір аптаның ішінде қалаға толықтай жылу жеткізілген. Содан бері 6 айға жуық (5 ай 20 күн) уақыттағы жылыту маусымында апаттық жағдайлар мен техникалық кемшіліктер орын алмаған.