300 ЖАС ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Шымкентте жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз бес жылға жалдамалы пәтер беру бойынша ағымдағы жылдың 25-27 қаңтары аралығында өтінімдер қабылдау жүргізілген. Нәтижесінде «shymkent-baspana.kz» cайты арқылы 3 648 өтінім келіп түскен.
Олардың ішінде 696-сы қалалық тұрғын үй комиссиясының қарауына ұсынылды. Ұсынылған өтінімдер ішінде балл жүйесі бойынша жоғары көрсеткіштегі 300 азаматты тұрғын үймен қамту туралы шешім қабылданған.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық коммуникациялық орталықта қалалық Тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Абылайхан Балықбаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының сөзінше сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге қол жеткізу бойынша келіп түскен өтінімдердің 2 952-сі әртүрлі себеппен қанағаттандырылмаған. Атап айтқанда, 105-і өтінім иесінің жасы 29 жасқа толған немесе одан асқан болса, 576-сы өтінім иесінің қаладағы тіркеуі 2 жылға толмағаны үшін кері қайтарылған. Сонымен қатар, 2271 азаматтың табыс көзі 40 АЕК төмен және талап етілген құжаттар толық болмаған.
Жалпы биыл Шымкент қаласы бойынша жастарға сатып алу құқығынсыз 300 тұрғын үй бөлінген. Комиссия шешімімен тұрғын үймен қамтылатын 300 жастың 195-і бір бөлмелі, қалғаны екі бөлмелі пәтерге орналасады. Оларға тапсырылатын пәтерлер қаладағы «Жаңа Тұрлан», «Тұран» және «Асар-2» шағынаудандарындағы тұрғын үйлерден беріледі.