АЛҒАШҚЫ ТӘЖІРИБЕ «АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ» ЖОБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Шымкентте «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылды. Жобаға еңбек тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жас қатыса алады. Жобаның мақсаты айқын – еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмыс беруші 24 ай бойына жұмыссыз жастың екі қолына бір күрек береді. Екі жылдық тәжірибенің арқасында жастар біліктілігін арттырады. Олардың еңбекақысы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды.
Жобаның қатысушысы болу үшін еңбек өтілі жоқ жас қалалық жұмыспен қамту орталығының тіркелген мекенжай бойынша аудан бөлімшесіне жеке куәлігі мен білімі туралы құжаттарының көшірмесін тапсырып, өтінім бере алады. Жоба бойынша жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруда көп балалы немесе аз қамтылған отбасылар, еңбекке қабілетті мүгедектер, техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.
Айта кетсек, бұл жоба «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ-бағыты аясында жүзеге асырылып отыр.
Сала мамандары жоба жұмыссыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, сапалы мамандар сапын толықтырады деп біледі.