ЖИНАҒЫН ЖЕР ҮЙ САЛУҒА ЖҰМСАЙТЫНДАР АЗ
Елімізде ағымдағы жылдың 23-қаңтарынан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға өтінімдер қабылдау басталғаны белгілі. Ал республикада қор қаржысының бір бөлігін пайдалана алатын 700 мыңнан астам салымшы бар. Өткен аптаның соңындағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шекті сомасы бар азаматтардан өтінім мен құжаттар қабылдайтын арнайы порталға 115 608 адам өтініш түскен. Оның ішінде 78 мың салымшының өтініші мақұлданып, 75 мыңнан астам адамның арнайы ашқан есепшотына 408,2 миллиард теңгеден астам қаражат аударылған.
Бұл сан деректерді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты.
Ұлттық банк төрағасы салымшылар толтырған өтінімдерді талдау нәтижесі бойынша зейнетақы жинағын пайдаланатындардың 87 пайызы қордағы жинақтың бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсау үшін қолданатынын атап өтті. Оның ішінде 45,5 пайызы жаңа үй сатып алуға әрекет етсе, 28,3 пайызы ипотекалық қарызын жабуға 10,5 пайызы жаңа ипотека алмақ ниетте. Ал жинақтағы қаржысының бір бөлігін жер үй құрылысы үшін алатындардың үлесі 2,3 пайызды ғана құрайды.
Жалпы қордағы қаржының бір бөлігін жер үй құрылысына жаратқыңыз келсе Сіздің қолыңызда сәулет құрылыс тапсырмасы, тиісті лицензиясы бар құрылыс компаниясымен жасалған мердігерлік шарт, сол құрылыс компаниясы жасаған құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге арналған шығындар сметасы, эскиздік жоба және тағы басқа құжаттар талап етіледі. Ал баспана салуға бел буған көп қазақ үйдің іргесін құйып, қабырғасын қалап, шатырын жабуды арнайы құрылыс компаниясымен емес, ағайын-туыспен асарлатып немесе арзанқол жұмысшылар арқылы тұрғызуға дағдыланғаны белгілі. Әуелгідей талаптардың үдесінен табылуға басында баспанасы жоқ кез келген қаражаяу адамның шамасы жете бермейді. Бұл мақсатты таңғандар үлесінің мейлінше аз болуының сыры да себебі де осы болса керек.
Ал қордағы қаражатының бір бөлігін пайдаланатындардың қалған 13 пайызы жиналған ақшасын ем-домға жұмсауды көздейді.
Қорда жиналған қаржысының көлемі жеткілікті сомадан асқан кейбір азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану туралы өтінімдері кері қайтарылып жатқаны да белгілі. Мұндай жағдайда азаматтар не істеуі керек? Бұл сұраққа «Бірыңғай жинатаушы зейнетақы қоры» АҚ Шымкент қалалық филиалының бас маманы Бизах Бекбердиев былай деп жауап береді.
– Ең әуелі салымшының уәкілетті операторға берген өтінішінде алуға болатын соманың қате көрсетілгені үшін өтінімдер кері қайтарылады. Яғни азаматтар өтініміндегі қаражат көлемі қор қаржысындағы жеткілікті шектен асқан сомадан артық жазылады. Мұндай өтінімдер кері қайтарылады. Оған жол бермес үшін қолжетімді сома туралы мәліметтерді БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасында, egov.kz порталы мен enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы алдын ала білген абзал.
Екінші бір себебі, қордағы қаражаттың бір бөлігін алғаны үшін жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға болатын қолжетімді қаражаттан 10 пайыздық мөлшердегі салық сомасының шегерілмеуі болып табылады. Осы ретте салымшы жинақ ақшасының бір бөлігін алу кезінде жеке табыс салығын төлейтіні белгілі. Жеке табыс салығын төлеудің екі тәсілі бар екенін айта кетейік. Біріншісі, ЖТС төлеуді кейінге қалдырып, оны зейнеткерлікке шыққаннан кейін он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен төлеу. Екіншісі, қор қаражатының бір бөлігін алу кезінде бірден толық төлеу.
Өтінімдердің кері қайтарылуының тағы бір себебі салымшылардың алуға болатын қаражатты емес, зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының барлық сомасын көрсетуі болып отыр. Мәселен, 35 жастағы салымшының қордағы қаражатының жеткілікті сомасы 2940000 теңге болуы керек. Ол қор қаражатының бір бөлігін пайдалану туралы өтінім бере алады. Бірақ жинағының барлығын емес, 2 940 000 теңгенің үстіндегі қаражатты ғана пайдалана алады.
Сонымен қатар өтініште валюта бағамдарының немесе зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі қаржы құралдары құнының өзгеруі нәтижесінде инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты зейнетақы жинақтары сомасындағы өзгерістер ескерілмеген өзекті емес сомасы көрсетілген жағдайда өтінімдер кері қайтарылады. Мұндай жағдай орын алмас үшін салымшы өзінің зейнетақы жинақтары туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде қолжетімді сома туралы мәліметтерді біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында тексеруі немесе қажетті жағдайда 1418 байланыс орталығына хабарласып, мамандар кеңесіне жүгінуі қажет.
Сонымен қатар Бизах Бекбердиев өтінімдердің қаралу мерзімі бес жұмыс күні екенін айта келе, «көп жағдайда адамдар осы бес жұмыс күнін күтпестен, қор қаражатын пайдалану туралы өтінімдерін қайтадан жолдайды. Бұл қате. Егер БЖЗҚ-дан уәкілетті операторға бас тарту себебі көрсетілген, төлемді аударудан бас тарту туралы электрондық хабарлама келіп түспесе, онда салымшы жинақ сомасы оның арнайы шотына аударылғанша өтініш бермей күте тұруы керек»,-деп кеңес береді.
Сондай-ақ ол, егер қандай да бір себеппен салымшыға біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінішті қанағаттандырудан бас тартылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайта өтініш беруге болатынын ескертеді.
С.ИБРАГИМОВА.