ЖАРЫҚСЫЗ КӨШЕ ӘЛІ КӨП

Былтыр Түркістан қаласындағы көшелерді жарықтандыру мен автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған.

Қала әкімі Рашид Аюпов өткен жылы атқарылған жұмыстарының есебін беру кезінде осылай деді. Айта кетсек, өткен жылы қалады 168,5 шақырымды құрайтын 126 көше жарықтандырылған. Ұзын-ырғағы 106,1 шақырымға жалғасқан 81 көшеге асфальт төселген. Жол жиектеріне аяқжолдар салынған.
Жыл қорытындысымен қалада 875 көшенің 33 пайыздан астамы жарықтандырылса, асфальтталған көшелердің үлесі 44 пайызды құрап отыр. Қала әкімі Рашид Абатұлы тұрғындарды электр қуатымен қамту 99,8 пайызды құрайтынын айта келе, «Жылу беру бойынша орталық қазандықты қайта жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Нәижесінде қазандықтың жұмысы көмір отынынан табиғи газға ауыстырылды. Түркістандықтардың 98 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген», — деді.
Шаһар басшысы былтыр қаланы газдандыру бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Нәтижесінде көгілдір отынды толық пайдаланушы абоненттер 63%-ға жеткен. Ал қаланы газбен қамту бойынша инфрақұрылымдық жұмыстар 100 пайыз орындалған.