ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ КІТАПХАНА АШЫЛАДЫ

Биыл Шымкенттегі кітапханалар жұмысы жетілдіріліп, жаңа тынысы ашылады. Осы мақсатта кітапханалар қызметіне талдау жұмыстары жүргізілуде.

Бұл туралы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова мәлімдеді.
Басқарма басшысы қаладағы кітапханалар қызметін жаңғырту мақсатында бірқатар жоспарлар жасалғанын айтты. Соған сәйкес осы жылы 10 кітапхананы атап айтқанда, Отырар, Жасөспірімдер, Абай, Балалар кітапханалары шығармашылық орталық және филиалдарымен бірге жаңғыртудан өтеді.
Шымкентте кітапханалар жеткілікті. Бірақ оның басым бөлігі қала орталығында орналасқан. Шалғай елді мекендерде кітапхана жоқтың қасы.
Басқарма басшысы бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатында шалғайдағы шағынаудандар мен елді мекендердегі лайықты мекемелерден кітапхана филиалдарын ашу мәселесі қаралып жатқанын айтты. Сондай-ақ, оқырмандарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында алдағы күндері кітапты өзімен бірге үйге алып кету үшін қазіргідей жеке басын куәландыратын құжатты қалдырып кету міндеті алынады. Оның орнына карточка түріндегі оқырман билеті шығарылады.
Карточка арқылы оқырман туралы, оның алған кітабы жөнінде ақпаратты оқитын жүйе орнатылады. Бұл жүйенің көмегімен оқырман мен оның алған кітабы туралы ақпарат сақталады. Өз кезегінде бұл оқырман санын, сұранысқа ие кітаптар тізімін жасауда үлкен көмегін тигізеді