ҚОЛАЙСЫЗ АУА РАЙЫ ЖҰРТТЫ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫРды

Қаңтардың 21-нен 22-не қараған түні Шымкентте қатты жауын, бұрқасын жел мен қалың жауған қар салдарынан бірнеше электр станциясы істен шықты. Қолайсыз ауа райының салдарынан қаладағы 20-ға жуық елді мекен жарықсыз қалды. Істен шыққан электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарына 22 бригада жұмылдырылды. Бір күннің ішінде қолайсыз ауа райына шыдас бере алмаған электр желілері қайта қалпына келтірілді.

Дәл сол күнгі қыстың қатал мінезінен жарықсыз қалған шағын аудандар «Нұрсат», «Кіші Самал», «Тельман», «Азат», «Ворошиловка», «Самал-1», «Самал-2», «Самал-3», «Солтүстік Батыс», «Көкбұлақ», «Асар», «Игілік», «Қайтпас-1», «Ақжайық», «Достық», «Жаңаталап», «Ынтымақ», «Забадам» елді мекендері болды.
Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Боранбай Болатбеков жергілікті телеарналарға берген мәлімдемесінде аталған елді мекендердің жарықсыз қалуы қолайсыз ауа райының салдарынан болғанын алға тартқан. Бұл туралы ол «Магистралдық электр желілердің айқасуы, ағаш бұтақтарының желі үстіне құлауы, трансформаторлардың ішіне судың өтуінен электр станциялары істен шықты» деген.
Өз кезегінде біз басқарма басшысына «Тозығы жеткен электр желілері электр жарығының сөнуіне қаншалықты әсер етті?» деген сұрағымызға «Сол күнгі тіркелген авариялық жағдайларға талдау жасадым. Жарық сөнген шағын аудандардың барлығында электр желілері ескірген деп айтуға болмайды. Бірқатарында алдыңғы және өткен жылдары электр желілері жаңартылған. Соған қарамастан жарық өшті. Бұл қолайсыз ауа райынан. Қатты жауынмен бірге соққан екпіні күшті желден трансформатор ішіне су кірді. Ағаштардың қарға қапталып тұрған бұтақтары желі үстіне құлады. Оның салмағынан бірқатар желілер үзілді. Сондықтан да тіркелген авариялық жағдайлардың көбі қолайсыз ауа-райынан болды»,-деп жауап берді.
Сонымен қатар ол, жарық сөнген шағын аудандардың көпшілігі мемлекет меншігіндегі жарықты пайдаланып отырғанын атап өтті.