РЕСЕЙ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНАН ШЕТТЕТІЛДІ

Ресей Федерациясының спортшылары келер жылға шегерілген Токио Олимпиадасы мен 2022 жылы Пекинде өткізілетін қысқы Олимпиада ойындарына қатыса алмайды. Сонымен қатар ресейлік спортшылар 2022 жылғы футболдан әлем чемпионаты үшін ел намысын қорғай алмайды.
Бұл туралы ақпаратты «Р-Спорт» агенттігі жазады. Агенттік таратқан деректерге сүйенсек, ресейлік сайыпқырандарды байрақты бәсекеден шеттету туралы мұндай шешім Спорттық арбитраждық соты (CAS) Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттігі (WADA) мен Ресейдің Допингке қарсы агенттігі (РУСАДА) арасындағы даудан кейін шығарған. Десе де Спорттық арбитраждық сот ресейлік спортқа қатысты WADA санкцияларын біршама жұмсартқандарын алға тартады. Олар WADA-ның Ресейді жарыстардан төрт жыл шеттету қажет деген талабын аздап жұмсартып, екі жылға қысқартқан. Дегенмен де, Спорттық арбитраждық соты бұл шешімнің ресейлік спортшылардың бейтарап ойыншы ретінде өзге елдердің атынан қатысуына шектеу болмайтынын да шегелейді. Бұдан өзге сот осы аралықта яғни, 2022 жылдың 16-желтоқсанына дейін Ресейдің өз жерінде халықаралық жарыстар өткізе алмайтынын да хабарлаған. Бірақ Еуро-2020 футбол матчы (ол 2021 жылға ауыстырылған болатын) мен Чемпиондар лигасының финалын өткізуге тыйым салынған жоқ.
Негізінде Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің Ресейге «мін» тағуы кеше басталған жоқ. Агенттік 2015 жылдан бері Ресейді допингке қарсы ережелерді белден басып келе жатқаны туралы ойын ашық айтып келген.
Әзірге Ресейдің спорттық арбитраждық соты шығарған бұл шешімнен шығар жолы қандай болмағын болжау қиын.