ТҰРАҚТЫ, ҚОЛАЙСЫЗ ЖӘНЕ ЖАҒДАЙ ӨРШІГЕН КЕЗ
Шымкентте індеттің екінші толқыны белең алған кезде қандай жұмыстар атқарылады?
«Сақтанғанды Құдай да сақтайды» деген. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталып кетті. Бірінші толқынның зардабымен әлі күресіп жатқан төрткүл дүние жұрты үшін бұл жығылған үстіне жұдырық болып, құрбандар санын арттыра түсуде.
Сондықтан, осынау қарусыз майданда қамсыз жатып, қапы қалмау үшін қыр астында жасырынған тілсіз жаудың бетін қайтарудың ең тиімді тәсілі – карантиндік шектеу шаралары болып отыр. Ал бетперделік режим мен санитарлық талап ережелерін қатаң сақтау – бір адамның, бір отбасының ғана емес, бүтіндей бір елдің, тіпті бүкіл ғаламның саулығының кепіліне айналды.
Өкінішке орай, жалпыға ортақ бұл талаптарға немқұрайды қарап, ала-құла орындайтындар көп. Салдарынан біраз елдерде эпидахуал нашарлап, жағдай ушыға түсуде. Бүгінде әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 40 миллионнан асты. Тіркелген ауру жұқтыру көрсеткіші жөнінен антирекорд орнатқан елдердің алғашқы ондығын Мексика түйіндейді. Ал бірінші орында – АҚШ, екінші орында – Үндістан, үшінші орында Бразилия елдері көш бастап тұр. Одан кейінгі тізімді Ресей, Аргентина, Колумбия, Испания, Перу, Франция мемлекеттері жалғастырады. Шетелдерде аурудың жұқтыру көрсеткішін тежеу үшін шектеу шаралары күшейтіліп, карантиндік талаптар қатаңдатылуда. Соған қарамастан ел тұрғындарының барлығы дерлік карантин талаптарына бағынып жатқан жоқ.
Қазақстандағы ахуал да арқаны кеңге салдырып жатқан жоқ. Өткен аптада Маңғыстау облысында карантин қайта күшейтілді. Облыстың бас мемлекеттік санитары мұндай шешімді аймақта қазан айынан бастап КВИ жұқтыру дерегінің тіркелуі өткен қыркүйектің алғашқы онкүндігімен салыстырғанда екі есе өскенімен байланыстырып отыр. Соған байланысты аймақтағы спорттық нысандар, мешіттер мен шіркеулердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Ал мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы екі сағатқа шегерілді. Ағымдағы жылдың 13 қазанынан басталған карантиндік шаралар екі аптаға созылып отыр.
Ауру жұқтыру көрсеткішінің өсуіне орай Атырау облысында да карантин талабы күшейтілді. Сонымен қатар, өткен аптаның сәрсенбісінде Нұр-Сұлтан қаласында шектеу шаралары қайта күшіне мінді. Осыған орай мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің кемінде 60 пайызының қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне өтуі қажеттігі ескертілді. Зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін қоғамдық көліктер жексенбі күні тоқтатылды. Індетті жұқтырғандардың едәуір көбейе түсуіне байланысты 15 қазаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысында да күшейтілген карантин тәртібі орнатылды. Сөйтіп адам көп шоғырланатын орындарға баруға тыйым салынды. Бұл аймақта да демалыс күндері қоғамдық көліктердің жүруі тоқтатылып, ірі сауда орталықтары, дәмхана мен мейрамханалардың жұмысы кешкі сағат 22:00-ге дейін қысқартылды. Мемлекеттік мекемеде қызметкерлердің тең жартысы онлайн форматқа көшті. Карантин талабы күшейтілген аймақтар қатарында Ақмола облысы да бар.
Ал Шымкентте эпидахуал тұрақты. Жуырда қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов журналистермен өткізілген брифинте осылай деді. Ол эпидемиологиялық жағдай кезіндегі үйлестіру топтарының жұмысы туралы айта келіп: «Ықтималды екінші толқын кезінде үйлестіру топтары ситуациялық штабта отырып, әрқайсысы өз саласы бойынша жұмыстарын атқарады. Соған сәйкес үйлестіру топтары жедел жәрдем қызметтері, күндізгі стационарлар мен провизорлық орындардың және құрылғылардың жай-күйін, жалпы, эпидемиологиялық жағдайды бақылайды әрі оған жауап береді. Бұл жұмысымыздың сапасын арттырумен қатар, қалыптасқан ахуалды едәуір жеңілдетеді деп ойлаймыз. Осы ретте құрылғылардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында үйлестіру тобының құрамына компьютерлік томография мен рентген аппараттарына жауап беретін техника мамандарын қосып отырмыз», — деді.
Сондай-ақ, ол ықтималды екінші толқын кезінде провизорлық және жұқпалы аурулар стационарларының жұмысын әзірлеу мақсатында арнайы 3 сценарий дайындалғанын да жеткізді. Олар – тұрақты, қолайсыз және жағдай өршіген кез болып үш жікке бөлінеді. Олардың бір-біріне ауысу сәтін «А», «В», «С» жоспары бойынша үш сағаттың ішінде жүзеге асыру көзделген.
Қазіргі таңда Шымкентте КВИ жұқтырғандар саны 5216 адамға жетіп отыр. Олардың 5129-ы емделіп шықса, 71 адам көз жұмған.