ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫНА ЖУЫҒЫ БОС УАҚЫТЫН ТИІМДІ ӨТКІЗЕДІ

Шымкент қаласында 9 қосымша білім беру мекемесі бар. Онда 20 061 оқушы түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып, өз уақытын тиімді өткізеді.

Бұл туралы Шымкент қалалық білім беру басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ақпараттық-коммуникалық орталықта өткен брифингте айтты.

Бұдан бөлек, 15 650 бала қаладағы спорт мектептеріне барып, қосымша спорт үйірмелерінде жаттығу жасайды. Тағы 147 жалпы білім беретін мектептер жанынан ашылған түрлі үйірмелерге 62 071 оқушы тартылған екен.

Сонымен қатар Шымкентте мемлекеттік орта білім беру ұйымдарындағы оқушылардың жалпы саны 214 506 оқушыны құраса, оның 97 752-сі немесе 45,6% қосымша біліммен қамтылған.

Жанат Арысбекқызы қосымша білім беру мекемелерінің үлесін арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайтып, түрлі үйірмелерге қатысатын өрендер көрсеткішін одан әрі көбейту негізгі міндеттердің бірі екенін алға тартады. Осы мақсатта  «Балалар эстетикалық саз мектебінің» ғимараты биыл күрделі жөндеуден өткізілді. Ал, әкімшілік-іскерлік орталығында мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан 150 орындық «Өнер» мектебі жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Сондай-ақ, Бекет батыр көшесіндегі «Өнер» мектебінің құрылысы жүргізілуде. 150 орынға лайықталған өнер ордасы жыл соңында пайдалануға беріледі.