ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ ЕКЕНІН БІРГЕ ДӘЛЕЛДЕЙІК!

Ешқандай пандемия мен карантинге қарамастан көркейіп, жаңарып келе жатқан үшінші мегаполисімізде қарқынды жұмыс бір сәт те тоқтаған емес: жолдар да төселіп келеді, абаттандыру да жүріп жатыр. Осы және басқа бағыттардағы ауқымды істер, әрине, шырайлы Шымқаламыздың көркін одан сайын ажарландыра түсетіні күмәнсіз. Десек те, бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаражатқа көзін тігіп, ашкөздік пен тойымсыздыққа салынатын пенделерді аракідік көріп, есімдерін естіп жүреміз. Құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқаны қаншама.

Еліміз сыбайлас жемқорлықтан арылмай, ілгерілеуіміз, қарқынды дамуымыз көптеген кедергілерге тап болуы мүмкін. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, кешенді шараларды жүзеге асыруда. Жемқорлыққа қарсы қабылданған стратегияның басты бағыты – превенция, яғни жемқорлықтың алдын алу. Осы орайда Асхат Жұмағалиұлы басшылық ететін аталған департамент жыл басынан бері 624 алдын алу іс-шарасын өткізген болатын. Оның жартысынан көбі (329) онлайн форматында ұйымдастырылды. Бұл шаралар 439 мыңға жуық адамды қамтыды.
«Antikor Live» және «Adal Komek» жобалары іске қосылды. Онда мемлекеттік органдар қызметіндегі қоғамның рөлі туралы мәселелер талқыланып, мегаполис тұрғындарына құқықтық кеңестер беріледі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат көрсетіледі. Сонымен қатар, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басқа да жобалар бойынша жұмысын жалғастырып келеді. Департамент жанындағы Арнайы мониторингтік топ жүргізіп келген қоғамдық бақылау пандемияның бастапқы кезінде-ақ азық-түлік бағаларының шарықтауына, бетперде мен антисептиктердің таптырмас тауарға айналуына тосқауыл болды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және оған қарсы іс-қимыл бағытында басталған ауқымды іс-әрекеттер – карантин жағдайында жалғасып, аты жаман індеттен қорғану шараларына, індеттің алдын алу және қала жұртшылығын сақтандыру мәселелеріне ұласты. Тағы бір мәселе – блок-бекеттердегі жолаушы адамдардың шоғырланып тұруы, сол бекеттерге палатка жетіспейтіні және жаппай ғаламтордың әлсіздігі сияқты кедергілерді әлеуметтік желілерде жарияладық. Айтылған сындарымыз биліктің назарынан тыс қалмай, жолданған хаттарымыз бойынша жауап келіп, онда блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 23 жайт орын алғаны айтылып, 1 жайт бойынша тұлға әкімшілік қамауға алынғанын, қалған істер қаралу сатысында екенін білдік. Арнайы мониторингтік топтың атқарған басқа да жұмыстары жеткілікті. Мәселен, «Shymkent Adaldyq Alańy» жобалық кеңсесі аясында 179 мемлекеттік мекеме Open space форматына көшіп, 287 мекеменің жетекшілері бірінші қабатқа түсті. «Сапалы жол» жобасы аясында 10 рейдтік шара өткізіліп, 59 кемшілік анықталды. Олардың 42-і қалпына келтірілді.
Алдын алу жұмыстарының маңызды құрамдас бөлігі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдап, мониторинг жүргізу. Тек биылдың өзінде 4 сыртқы талдау және 6 мониторинг жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік органдарға 100-ге жуық ұсыныс енгізіліп, олардың үштен бірі орындалды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басымдықтары бағытында мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Талдау мегаполистің барлық маңызды салаларын қамтыды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2 миллиард 400 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Тағы бір сүйіншілеп жеткізетін жақсы жаңалығымыз: ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мырзаның бастамасымен, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің тікелей атсалысуымен үшінші мегаполистің қақ төрінде (Тұрысов көшесі бойында), департамент жанында «ANTIKOR ORTALYǴY» қызмет көрсету кеңсесі бой көтеріп, өз есіктерін қалалықтар үшін айқара ашты.
Әрине, сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен қатар, заңның үстемдігі және жемқорлық үшін жазалаудың бұлтартпастығы маңызды қағидаттар болып қала береді. Оларды іске асыру да департамент қызметкерлері үшін басым міндеттердің бірі және бұл қылмыстық-құқықтық механизмдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, біз кейбір мемлекеттік органдардың қызметінде әлі де теріс көріністі байқаудамыз. Жыл басынан департамент қызметкерлері 73 қылмысты тіркеді. Оның басым бөлігі парақорлық (43) және жымқыру фактілері (18).
Өндірісте болған 161 қылмыстық істің 121-і немесе 75,2 пайызы тергеумен аяқталды, 70-і сотқа жолданды, 30 тұлғаға қатысты сот үкімі шықты.
Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық бойынша алда келе жатқан салаларды атайтын болсақ, тіркелген қылмыстар саны бойынша құқық қорғау органдары алда келеді (20), олардан кейін ауыл шаруашылық саласы (14), білім саласы (11), сот орындары (4), құрылыс және әлеуметтік қамсыздандыру салалары келеді (3). Олардың арасында жүйелі жемқорлық бойынша – 2, шағын және орта бизнесте – 19, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында – 14 факт анықталған. Тұтастай алғанда, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 34 тұлға, олардың арасында облыстық деңгейде – 3, аудандық деңгейде – 1 адам әшкереленіп, 30-ы сотталды. Күдікті азаматтардың 20%-ы – мемлекеттік органдардың дербес құрылым басшылары. Мәселен, соттың оң шешімін шығару үшін пара алды деген күдікке ілінген Түркістан облыстық сотының Азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасының ісі де сотқа жолданды.
Шымкент қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ол 498 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген екен. Өткен айда Шымкент қаласы Абай ауданының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары құрықталды. Ол карантин кезінде сауда ережелерін бұзу фактісі бойынша дүкен иесінен әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін пара алды деп күдіктелуде.
Кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігін бақылап, үстін-үстін дегбірін алып жатқан тексерушілер де тым көбейіп кетті. Кәсіпкерлікті қорғау да – департамент назарындағы басымдықтардың бірі. Лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлерді заңсыз тексерулері тоқтамай келеді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ондайлармен де күресіп келеді. Мәселен, олардың тікелей араласуы арқасында бизнесті қорғау шеңберінде барлығы 16 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, қызметтеріне заңсыз араласқаны үшін 7 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, құны 300 мың теңге тұратын тұрмыстық техниканы заңсыз иеленгені үшін қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 14 миллион 900 мың теңге айыппұл төлейтін болды. Кәсіпкерлерден тұрақты түрде 10 мың мен 65 мың теңге аралығында пара алып келген Әл-Фараби аудандық әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы 1 миллион екі жүз мың теңге айыппұл көлемінде қылмыстық жауапкершілігін өтейтін болды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Аумақтық инспекциясының мемлекеттік санитарлық инспекторы Арапов сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мал шаруашылығы өнімдерін қала базарларына әкелген кезінде санитарлық сертификаттарды беру үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған.
Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын бақылап, оларға бөлінген бюджет қаражаттарының мақсатты жұмсалуына да департамент қызметкерлері зер салады. «Цифрлы Қазақстан», «Денсаулық», «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» және басқа да бағдарламалар бойынша ақша қаражатын жымқыру және ысырап ету фактілері бойынша 14 қылмыс тіркелді. Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында мемлекетімізге келтірілген қаржылай залалдың 1 миллиард 800 миллион теңгесі қайтарылды.
Бүгінде әрбір қылмыстық іс бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың себептері мен алғышарттарын жою туралы ұсынулар енгізудеміз. Олар жеке қатысуыммен еңбек ұжымдарында қаралуда.
Осы іс-шаралар аясында іс-әрекеттердің себептері егжей-тегжейлі талқыланады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және ұжымдарда парасаттылық қағидаттарын енгізу бойынша ұсыныстар енгізіледі.
Қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекеттік органдарға барлығы 55 ұсыным енгізіліп, бүгінгі күнге оның 38-і қаралды.
Нәтижесінде 36 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 17-сі атқарып отырған лауазымынан босатылса, 2-уі жұмыстан босатылды, 8-і қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту алса, жеті адамға «қатаң сөгіс», екі адамға «сөгіс» жарияланды.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға сәйкес ұжымдардағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша шараларды қабылдамағаны үшін мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының жауапкершілігі туралы мәселе де күн тәртібінде тұр.
Иә, жемқорлық – аса ауыр дерт. Бұл дертпен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бүкіл ел болып күреспесек, әсте болмас. Азаматтарымыз белсенді түрде бұл іске араласпай, заманауи демократиялық құқықтық мемлекет құру мүмкін емес. Сол үшін біз бәріміз бірігіп, ынтымақтаса, қоғамдағы жемқорлықпен күреске атсалысуымыз керек. Жемқорлықсыз жаңа өмір бастайтын мезгіл жетті. Ұрпақ үшін, болашақ үшін, құқық үстемдігі үшін Ұлы Дала елінде жемқорлыққа жол жоқ екенін дәлелдейік!

Әсет ӘССАНДИ,
Шымкент қаласы бойынша Арнайы мониторингтік  топ жетекшісі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.