ЕМ-ДОМҒА 1 млн. 700 мың, ОҢАЛТУҒА КУРОРТҚА ЖОЛДАМА…
Науқастардың мұндай қолдауға ие болуы оңай бола ма?
Кеше Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Болат Төкежанов коронавирус жұқтырған әрбір науқас үшін қанша қаржы кететінін мәлімдеді. Оның сөзінше коронавирус инфекциясының жеңіл түрімен ауыратын пациентті емдеуге – 292 600 теңге, орта жағдайда – 446 100 теңге, ауыр науқастарды емдеуге 1 500 000 теңге жұмсалады. Ал өте ауыр жағдайда жатқан пациенттің ем-домы үшін қор арқылы 1 700 000 теңге жұмсалады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы болғанына екі апта уақыт енді асқан Болат Төкежанов медициналық сақтандыру қоры коронавирус пен пневманиядан жазылып шыққандардың шығынын өтеп беретінін айтты. Шығынды өтеу механизмін Б. Төкеженов төмендегіше түсіндірді.
«Маусымда індет өршіген кезде ауру жұқтырғандардың көпшілігі коронавирус пен пневмонияның диагностикасына және емдеу шараларына өз ақшасын жұмсады. Дегенмен де, олардың ішінде аурудан кейінгі оңалту шараларына аса мұқтаж адамдар бар. Сол себепті медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау министрлігімен бірге емделіп шыққан пациенттерді оңалту алгоритмін дайындауда. Соған сәйкес оңалту шаралары науқастың жалпы ахуалына қарай көрсетілетін болады. Атап айтқанда, емханадағы күндізгі стационарларда ем-дом көрсету, жергілікті жердегі денсаулық сақтау басқармаларына қарасты шипажайларға немесе аурудың салдарына қарай санитарлық-курорттық ұйымдарға жіберу мәселесі де қаралатын көрінеді.
Қор тарапынан көрсетілетін мұндай қолдаулар 1-тамыздан бастап қолға алынады.
Естеріңізде болса індет есігімізді қағып кірмей тұрғанда билік басында отырған азаматтар вируспен күресіп, ауруларды емдеуге толық дайынбыз дегенді нық сеніммен бірнеше рет айтқан болатын. Бірақ коронавирус пен пневманиямен сырқаттану күрт өскен кезде ауруханада орын, дәріханада дәрі тапшы болғанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Енді қор басшысының айтып отырған оңалту шараларының шарапатына халық қалай бөлінетінін болжау қиын.
Айтпақшы қордың басқарма төрағасы Болат Төкежановтың айтуынша, жылдың басында қордың активтері 251 миллиард теңге болған. Бірінші жартыжылдықта түскен ақшаның сомасы 260 миллиард теңгені құраған. Оның 147 миллиардын мемлекет аударса, 76 миллиард теңге жұмыс берушілерден түскен. Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықта өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 37 миллиард теңге аударған. 2020 жылы 1-шілде күні медициналық сақтандыру қоры активтерінің қалдығы 361 миллиард теңгеден асқан.
С. НҰРАЙ.