ТҮРКІСТАН: 130 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ ҒАЛАМТОР ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛА АЛМАЙДЫ
Түркістан облысында барлығы 910 мектеп бар. Ондағы оқушылардың жалпы саны 499 535 балаға жетеді. Алдағы күндері олардың саны арта түсетіні сөзсіз. Себебі, балаларды eGov.kz порталы арқылы 1-сыныпқа қабылдау бойынша өтініштер 1-тамызға дейін қабылданады. Бүгінде аталған білім ұяларында еліміздің Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес оқушыларды қашықтан оқыту жүйесіне дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, ата-аналардың өтініші бойынша облыстағы мектептерде бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптардың жұмыс істеуі жолға қойылатынын жеткізді.
Басқарма басшысы облыстағы барлық мектептердегі 1-11 сынып оқушыларының қашықтан оқытылатынын айтты. Тек ғаламтор сигналы жоқ немесе мүлдем әлсіз шалғайда орналасқан 139 шағын жинақы мектептерде білім беру дәстүрлі түрде жүргізілетінін айтты. Бірақ ол жерлерде санитарлық талаптардың сақталуы басты назарға алынады. Ондағы эпидахуалдың тұрақтылығына да мән беріледі. Өз кезегінде Рақымбек Жолаев қазіргі таңда шалғайда шағын жинақы мектептердегі балалар саны 12378-ге жететінін алға тартты.
Сонымен қатар ол, облыстағы қалған мектептерде бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші бойынша, ахуал жақсарған жағдайда, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берілетінін де айтты.
Бұдан бөлек ол, қашықтан оқыту бойынша ұстаздар мен оқушылардың қажетті техникалық құрылғылармен қамтылуы туралы «Облыста 499 535 оқушы бар. Бұл 200 мыңнан астам отбасының балалары. Біз жүргізген талдау бойынша осы 200 мыңнан астам отбасының 28 пайызы немесе 130 мыңға жуық оқушы үй жағдайында интернет желісіне қосыла алмайды. Ал 34 пайызы немесе 60 мыңнан астам оқушыда компьютерлік техника жоқ»,-деді.
Басқарма басшысы қолында қашықтан оқитын құрылғы жоқ балаларға мектептердегі техникалар уақытша пайдалануға берілетінін айтты. Ал интернеттің қолжетімсіздігі мәселесін реттеу үшін тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.