Теріскей әжелерінің төрайымы
Жүзінен жылылықтың лебі есіп, кездескен жанды өзіне етене тартып тұратын Маруа апайды біршама уақыттан бері білемін. Осы тажал індет басталмай тұрып, Аққолтық ауылында өткен бір іс-шарада апай елді елең еткізіп әсерлі сөз сөйледі. Жиналған қауым ол кісінің әңгімесін ұйып тыңдап, риза болысқаны бар. Көпті көргені кестелі сөз саптасынан-ақ көрініп тұрды.
Шара аяқталған тұста Маруа апайға жақынырақ барып әңгімеге тарттым. Ол кісі 1950 жылы 14 шілдеде Қарағанды облысы, Жаңарқа ауылының С.Сейфуллин ауылында дүниеге келіпті. В.И.Ленин атындағы орыс-қазақ мектебін 1967 жылы бітірген екен. Алғашқы еңбек жолын аталған облыстың Жаңарқа ауылында Алғабас орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған. Айтпақшы мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде спорттың жеңіл атлетика, соның ішінде жүгіру түрінен «Спорт шеберлігі» атағын қорғайды.
Мектепте оқып жүрген кезінде Қарағандыға жарыстарға барады. Сол кезде біздің Жартытөбе ауылының жігіті, республика деңгейіндегі белгілі волейболшы, қол добының шебері, аудан спорттының майталманы Құлмаханов Асылхан ағамызбен танысады. Екі жастың арасында әуелі достық, кейін махаббат сезімі бүр жарады. Албырт көңілді жастар алғаш Қарағандыдағы «Шахтер» стадионында кездеседі. Арқаның аруын Асылхан ағамыз 1968 жылы ауылға алып келіп, қарашаңыраққа келін етіп түсіреді. Сол уақытта мұғалімдердің тапшы кезі Мәруа Ш.Уалиханов атындағы орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. Мектепте еңбек ете жүріп Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық университетінің математика факультетін сырттай оқып бітіреді. Педагогика саласындағы озық қызметтері үшін 1993 жылы «Аға мұғалім» атағын алады.
Мұғалімдік қызметі кезеңдерінде Орал қаласында өткен республикалық педагогикалық оқуда «Оқушыларды жекемен және топпен тәрбиелеу» атты баяндама оқып, Ы.Алтынсарин ғылыми зерттеу институтының Грамотасымен марапатталады. Сонымен қатар, облыстық мұғалімдер арасында тәжірибесі плакат түрінде таратылған. Облыстық мұғалімдер слетінің 1 орын иегері. Республикалық мұғалімдер педагогикалық оқуының «Балаларға қазақ үрдісінде сабақ беру» конкурсының жеңімпазы. Кентау қаласында өткен республикалық педагогикалық оқудың жүлдегері атанған. Соған қоса К.Ерешева атындағы республикалық атаулы мектептің мүшесі, Шымкент қаласында өткен облыстық бастауыш мұғалімдер арасында өткен педоқуда «Қазақтың салт-дәстүрлерін оқушыларға үйрету тәжірибесі» атты баяндама оқып, 1 орын иеленген.
Сондай-ақ, 1992 жылы «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы ретінде ақбоз ат мініп, Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері атанады. «Жыл мұғалімі» байқауының, «Жыл кабинеті» аудандық байқауының жеңімпазы атанған. «Инновациялық әлеуметтік педагогикалық жобалар» атты байқауда 1 орын жеңімпазы атанған. Сол уаөыттағы облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбайдың жетекшілігімен шыққан «Аяулы, ардақты» атты кітапқа енген. 2006 жылы Жартытөбе ауыл әкімшілігіндегі «Жұлдыз» бала бақшасына меңгеруші болып тағайындалады.
Қазір зейнеткерлік демалыста болса да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей келеді. 1980-2010 жылдар аралығында Жартытөбе ауыл әкімдігі Әйелдер кеңесінің төрайымы болған. Атқарған қоғамдық жұмыстары орынды бағаланып, облыс әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демография саясаты жөніндегі комиссиясының Алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан Шымкент телеарнасы ұйымдастырған «Сыбаға» байқауының 1 орын жеңімпазы атанды. «Нұр Отан» партиясының, ауыл әкімінің Алғыс хаттарын бірнеше мәрте иеленген.
М.Қайыржанова отбасына тағылымы мен тәрбиесін үйретіп, немерелерін әлдилеп отырған өнегелі әже. Спорт майталманы Асылхан Құлмаханов ағамыз (Марқұм) екеуі 2 қыз, 2 ұл өсіріп тәрбиеледі, Барлығы жоғары оқу иегерлері. Әке-шешесінің жолын қуған ұстаздар. Олардан 14 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.
Маруа апаймен әңгімелесу барысында ата-анасы жайлы былайша сыр сабақтаған еді:- Әкем арабша хат таныған, сауатты, көзі ашық, білімді кісі болған. Сәкен Сейфуллинмен үзеңгілес, жолдас болып, колхоздастыру кезеңінде бірге жұмыс жасаған. Мақтанышпен айта кетейін ол кісі атақты Балуан Шолақтың қайнысы. Алты алашқа белгілі Ғалия сұлудың немере інісі. Балуан Шолақпен бірге жүріп сөз қағыстырған. Әкем менің Оңтүстікке кететінімді түсінде көрген екен. Ал анам Айша Рақымжанқызы байдың қызы болған екен. Бір өкініштісі кешегі зұлмат ашаршылықтан кейін бір үйлі жаннан жалғыз қалған. Ауыл-аймақ ол кісіні «Ақ Айша», «Балуан Айша» деп еркелеткен. Өзі керемет сұлу, шешен, кез-келген адамды параодия жасай беретін қасиеті бар екен. Сөздері өтімді, адуынды, көпшіл, мейірімді, ақкөңіл жан еді дейді көз көргендер. Әрине мен тағылымды тәрбиені анамнан алдым. Зердеме тоқыдым. Анам жеті перзент сүйіп, барлығын орын-орнына қондырды,-деп толғанды.
— Ал жұбайым Асылханның анасы Батима (Мәпен) апам да керемет кісі болатын, көп сөйлемейтін,сабырлы, шашы тобықтан түсетін, қара торының әдемісі тұғын. Биязы өте ақылды кісі-тін. Мені қызындай жақсы көретін. Үлкен қызым Маржанды өзі бауырына басып, емізіп, өзі өсірді. Инабаттылықты, қарапайымдылықты, ынтымақты болуды үйретті.
Мектептегі жұмысты, қоғамдық істерді алаңсыз атқаруыма көп көмегін тигізді. Мен ол кісілерден алған тәрбиемнің негізінде көп нәрсені ойға түйдім. Әсіресе менің жанымда адамдардың өзін емес, өзгені сынауға жаттыққандығы, істі атқару барысында өз мүмкіндігіне жүгінуден гөрі, сылтауды көбірек айтуға шеберліктері, өзгенің орнын көздеуге машықтанып бара жатқандығы сияқты жәйіттер алдымнан шыққанда, көпті жеңуге менің күшім жетпесі анық. Одан да ұрпақ тәрбиесі арқылы осындай, өзім жаман көретін келеңсіздіктерден аулақтатуды көп ойлаймын. Әрине, осы қасиеттің бәрі маған үлкендерден, қос анамнан қалған деп ойлаймын – деп Мәруа апай анасы мен енесін еске алып, көзіне жас алып қалды.
Мінекей ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы. Маруа апай өзінің анасы мен енесінен алған тәрбиені келіндеріне үйретуді мақсат тұтыпты. Ол Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аудандық әжелер кеңесінің төрайымы. Ұстаз ана, Мәруа Қайыржанқызының ұзақ жылғы еңбегі өз бағасын алып, 2016 жылы Облыс әкімінің «Облысқа сіңген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2020 жылы Созақ ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді. Облыстық ардагерл ұйымының бастамасымен қолға алынған «Аяулы әжелер» атты кітап шығаруға бір кісідей ат салысып, Созақ ауданындағы көптеген ардақты аналардың суреттерін, өмірбаяндарын жинап, игі жұмыс жасағаны өз алдына бір әңгіме.
Тегінде, бала жанын түсініп, оның сеніміне ие болу, сол арқылы білім нәрімен сусындатып, елі ардақ тұтар азаматты қалыптастырып шығару оңай емес. Осы орайда атақты орыс педагогы К.Ушинскийдің: «Білім мен өмір неғұрлым қатар астасса, соғұрлым білім тереңірек беріледі, әрі шәкірттің есінде ұзақ сақталады» деген сөздері ойға оралады. Сол айтпақшы, мектеп бағдарламасы бойынша берілген тақырыпты түсіндірумен шектелмей, әрбір шәкіртімен сабақтан тыс уақытта да сырлас, сыралғы дос бола отырып, олардың бойына ізгілік пен адамгершілік нәрін сіңіре білді.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демография саясаты жөніндегі комиссиясының, «Нұр Отан» партиясының, ауыл әкімінің бірнеше Алғыс хаттарын иеленді. Қазіргі таңда Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әжелер кеңесінің төрайымы қызметінде ұрпақтар сабақтастығын жалғап жүрген ұстаз-ананың әлі де кейінгі жастарға берер тәлімді істері мол. Ұлағатты ұстаздар отбасында перзенттері Бақытжан, Біржан, Маржан, Ақерке келіндері Әсел де ұстаздық қызметте. Құралай аудандық ішкі істер бөлімінде бас маман. Немерелерінің ішінде Дінмұхамед пен Арайлым атасы мен әжесінің жолын қуған спортшылар. Осылайша ұл-қыздарына, немерелеріне тағылымды тәрбие берген, бүгінде немере-шөберелерін әлдилеп отырған өнегелі әжеге елдің айтар алғысы шексіз..
Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ.