КИЕЛІ КЕНТТЕ ТІГІН КӘСІБІНІҢ ТЫНЫСЫ КЕҢЕЙЕДІ
Түркістан қаласында тігін фабрикасы салынады. Бұл бағыттағы жобаға алғашқы инвестицияны Өзбекстан Республикасы құятын болады. Облыс орталығынан ашылатын жаңа кәсіпорын жергілікті жердегі 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Костюм, сырт киім мен спорт киімдері тігілетін фабрикада табысы төмен және мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектер жұмысқа қабылданады. Өз кезегінде оларға Өзбекстан Республикасынан келген мамандар тәжірибесін бөліседі.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстан Республикасынан келген делегациямен кездесу кезінде осындай мәмілеге келді. Тараптар кездесуінде сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы киелі кенттің жаңа мүмкіндіктері мен түрлі бағыттар бойынша қолға алынып жатқан тың жұмыстар туралы сөз етті. Содан соң көршілес елден келген делегация мүшелері құрылысы қарқынды жүріп жатқан Ислам орталығына бет алды. Бір мезетте бес мың жамағат мінәжат ететін мешіт Өзбекстан Республикасының Түркістанға тартуы ретінде салынуда. Көрші елдің Президенті Шавкат Мирзиёев қолдау көрсетіп отырған Ислам орталығының ішкі және сыртқы безендірілуі шығыстық нақышта жүргізілуде. Оның құрылысы осы жылдың күзінде аяқталады деп күтілуде.