ҮЙ САЛУ ЖҰМЫСТАРЫ СЫЛБЫР ОРЫНДАЛМАУЫ ТИІС
Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен ауылдарда жүргізіліп жатқан құрылыс қарқыны бір сәтке де бәсеңдемеуі тиіс.
Өткен аптада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған кезекті сапары кезінде осылай деді. Аймақ басшысы қызыл су кесірін тигізген Өргебас, Фирдауси ауылдарындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қызыл су астында қалған бұл ауылдарды қайта қалпына келтіру жұмыстары бүгінде қарқынды жүріп жатыр.
Мәселен, Өргебас елді мекендегі 209 үйдің 184-не 8,5 млн. теңгеден қаржы берілген. Ал Фирдауси ауылындағы 340 үйдің 277-нің иелерімен келісім шарт жасалып, бәріне дерлік 8,5 млн. теңге аударылған. Қазіргі таңда аталған ауылдарда қайта салынуы тиіс үйлер бұзылып, аумақтары тазалануда. Сонымен қатар, жүздеген үйлердің іргетастары құйылып, қабырғалары өрілуде.
Бұдан бөлек, Өмірзақ Естайұлы Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен де танысты. Бүгінде онда Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекені тұрғындарының келісімі бойынша 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 196 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен бой көтеруде. Ал қалған 190 тұрғын үй «Б.Утемуратов», «Салиқалы ұрпақ», «Біз Біргеміз» қорынан салынуда. Яғни, қазіргі таңда 386 үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның бүгінде 46-сында ішкі әрлеу, 54-інде шатыр жабу, 239-ында қабырға қалау, 77-сінде бірінші жаппасын жабу, 10-ында іргетасын қалау жұмыстары жалғасуда.
Мақтаарал аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков «1-шілдеде 55 үйдің құрылысы толық аяқталып, 100 үйдің шатыры жабылып бітеді деп жоспарлап отырмыз. Құрылыс қарқыны бір сәтке де бәсеңдеп отырған жоқ. Мердігер мекемелер екі кезеңде жұмыс істеуде. Яғни, күндізгі және түнгі ауысымда жұмыстарын жалғастыруда. Әзірге құрылыс материалдарынан немесе құрылысшылардан тапшылық орын алып отырған жоқ»,- дейді.
Жаңа мөлтек аудандағы 70 гектар аумақта тұрғын үй құрылысынан бөлек, инфрақұрылымдық яғни газ, су, жол, жарық тарту жұмыстары қатар жүргізілуде. Сондай-ақ, 1200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақшаның орнын әзірлеу жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, жаңа мөлтек ауданда 31 мердігер компания мен оның 1507 құрылысшысы еңбек етуде.
Сапар барысында аймақ басшысы «Мақтаарал ауданындағы су басқан 5 елдімекендегі төтенше жағдай салдарын жою, жаңа мөлтек аудан мен екі ауылдағы үй салу жұмыстарын бір сәтке де бәсеңдетуге болмайды. Тамыз айының алғашқы күнінде жаңа мөлтек аудандағы үйлердің бәрінің дерлік шатырлары жабылып бітуі тиіс», – деді.
Сонымен қатар өңір басшысы облыстық штабта мәжіліс өткізіп жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Жауапты сала мамандарына Мақтааралдағы құрылыс жұмыстарының қарқыны, селден зардап шеккен отбасыларға берілетін бір реттік өтемақының берілуі, ауыл шаруашылығы шығындарын өтеу жұмыстарының орындалуы, Фирдауси, Өргебас ауылдарындағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары туралы күнделікті мәлімет беріп отыруды тапсырды.
Бұдан соң Өмірзақ Естайұлы Атакент кентіндегі «Мақтаарал» жалпы орта мектебінде орналасқан эвакуациялық пунктте су басқан Жеңіс ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге тұрғын үйлері суға кеткен 180-ге жуық тұрғын қатысты. Жиында облыс әкімі тұрғындар көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға нақты жауап берді. Атап айтқанда Мырзакент кенті маңында жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің кімдерге қалай берілетіні, қоғамдық қордан берілетін және жан басына шаққандағы өтемақылардың берілуі туралы жан-жақты мәлімет ұсынды.
Жиында тұрғындардың бұрынғы ауылдарындағы тұрғын үйлерінің орны дачалық массив ретінде қалатыны нақтыланды. Өз кезегінде тұрғындар бұрынғы жерлері өз меншіктерінде қалатынына ризашылығын білдірді.