САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛАМЫН

Анамыз Сейсенқызы Құралай 1930 жылы 8-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Көкбұлақ ауылында дүниеге келген. 1950 жылы әкем Пердебекке тұрмысқа шығып, он екі құрсақ көтерген. Алтыннан алқа таққан, Тыл ардагері, Батыр ана. 1970 жылы туылған Мейірбек, 1972 жылы туылған Элмира бауырларым жастай өмірден өтті. Қалған 6 ұлы мен 4 қызын түгел оқу орнына түсіріп, бәрімізге жоғары білім әперіп, үйлі-жайлы етіп, 41-немере, 68-шөбере сүйді. Анам Құралай ұлдарының да, қыздарының да балаларын бауырына басып баққан. Анамыздың әкесі Сейсен атамыз бұрынғы қиын-қыстау кезінде өмірден ерте озған. Анасы Тұрсын апамыз 6-құрсақ көтерген. Бірақ бес бірдей бауыры да жас балаларға көрінетін қызылша кеселінен жастай шетінеп кеткен. Ішіндегі Жолдасбек деген бауыры ғана сол аурудан 5-6 жасында өмірден өткен. Алты баладан қалған жалғыз қызы Құралайды Тұрсын апамыз алақанына салып, аялап баққан.

Анамыз Құралай бар жақсылығын Ақкөңірдек еліне, біздерге жасады. Қайын атасы Сман атамды 85-жасқа дейін, енесі Тұмаркүл (Дәней) апамды 95-жасқа дейін бағып, ақ батасын алған.

Бар жастық шағын ата-енесі мен әкем Пердебекке, перзенттері біздерге арнады. Барлық қайын жұртына қызмет жасап, ата-енесінің көңілін тапқан. Асыл анам Құралай бір адамның бетіне келіп, қатты сөйлемейтін. Құдай қосқан асқар тау әкеміздің атын атамайтын, алдын кесіп өтпейтін.

Жасы келіп, қартайған шағында дәрігерлердің салғырттығының салдарынан 4-5 жылдай жүре алмай науқастанып қалды. Мен шырылдап дәрігерлердің үстінен тиісті органдарға шағымданамын деп талай қиғылық танытқанымда қиналып ауырып отырса да, мені басып, «Құлыным дәрігерлерді сотқа бергеніңде менің денсаулығым түзеліп қалады деймісің?» деп сабырға шақырып отыратын. Иә, асыл анам Құралай өте салмақты, сабырлы, кең пейіл, адал жүрек жан еді…

Ардақты анамыз өткен жылдың 26-мамыры, рамазан айында 92-жасында жаны үзілді. 27-мамырда жамбасы жерге тиді. Сол кезде жаназаға келгендер де «Анаңыз не деген асыл адам?! Рамазан айының 10 күндігінде барлық тозақ оты жабық болып, сегіз пейіштердің есігі ашық болады. Осы 10 күндікке ілініп кетті анаңыз. Жәннәттық жақсы жан екен! Қай пейішке кірем десе де, анаңызға барлық жәннәттің есіктері ашық. Ол кісі сұраусыз жәннәтқа кетті. Біздерді де шын дүниеде әзиз Құралай анамен көрші ет» ,- деп дұға оқып, Алладан тілек тілегендерін естігенімде, өзімді зорға тоқтатып, көз жасымды тыйып, Аллаға шүкір дедім. Адамзатқа анам Құралайдың адалдығын Алланың өзі дәлелдепті деп тәубе еттім.

 

Бүгінде Сейсенқызы Құралайды сағынышпен еске аламын…

«Тәңірім анама нығметтің Нағым жәннәтін нәсіп етсін. Жұмақтың төрінде әкем Сманұлы Пердебекпен бірге болуларын нәсіп етсін»,- деп, Алладан күндіз-түні дұға етіп тілеймін. Алладан кейінгі жақыным, екінші Меккем, өмірімнің мәні Құралай анамнан туылғаныма Жаратушыға шексіз разымын. Анам Сейсенқызы Құралайды кеудемнен жаным шыққанша мақтан етіп, рухына тағзым етемін.

 

     Сағынышпен еске алушы ең кенже ұлы Ұлықбек,

келіні Индира.