ҮШІНШІ ҚАЛАНЫҢ ҮЛКЕН МҮМКІНДІКТЕРІ КӨП

Шымкенттің мәртебесі мегаполис болып белгіленгеніне екі жылдың жүзі де өте шықты. Қала тынысын ашып, оның өзгеше реңкпен дамуына серпін берген бұл статус 2018 жылдың 19-маусымында сол кездегі мемлекет басшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың №702 Жарлығымен бекітілгенін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Содан бері тұп-тура екі жыл өте шықты. Тарих қойнауына енген осы уақытта Қазақстанның үшінші қаласында не өзгерді? Жеткен жетістігі қандай? Бағындырған белесі, қол жеткізген оң көрсеткіштері ше? Алға қойған міндеттері не?

Дербес қала мәртебесін алған жылдан бастап Шымкенттің Қала күні мерекесі 19-маусымға ауысты. Себебі, дәл осы күні Шымкент көптен күткен миллионды қала мегаполис болып жарияланған еді. Оған дейін қазағы қалың шаһардың төл мейрамы әр жылдың қазан айында атап өтілетін.

Мегаполис мәртебесін алған алғашқы күндері Шымкент Қазақстанның 17-әкімшілік-территориялық аймағына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке ресми түрде дербес қала мәртебесін беру сәтінде «Республикалық маңызы бар мәртебе берілген соң, Шымкент одан әрі өркендей түседі. Шымкент инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды біздің елге ғана емес, тұтас Орталық Азия аймағына тартатын жаңа орталық болады. Бұған қажет барлық шарттар мен әлеует бар», — деп атап өткен-тін. Тұңғыш Президент баса атап өткен бұл бағыттар бойынша Шымкентте біраз тірліктер қолға алынды. Атап айтқанда, 2018 жылдың қорытындысы бойынша қала бюджетіне түскен кіріс көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 27 пайызға артып, 72,2 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп саласы бойынша қаладағы Шымкент мұнай өңдеу зауыты жаңғыртудан өтті. Бұл бағыттағы жұмыс 2014 жылы бастау алған болатын. Зауыттың қайта жаңғыртудан өтуі нәтижесінде ондағы жоғары октанды жанармай өндірісі жылына 881,7 мыңнан 2 271 мың тоннаға дейін, дизельді отын өндіру 1 209,4 мыңнан 1 916 мың тоннаға дейін, авиациялық отын көлемі 279,7 мыңнан 400 мың тоннаға дейін артуына жол ашылды. Сондықтан да нысанның жаңаша қуатпен жұмыс істеуі қала экономикасы үшін маңызды жоба ретінде айшықталды. Және ол сол жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттегі ең қымбат жоба ретінде белгіленді.

Бұдан бөлек 400-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтитын «Shymkent Temir» ЖШС – болат өндіру зауыты іске қосылды. Сол жылдың желтоқсан айында Шымкентте алғаш рет қуаты 500 кВ жететін «AsiaTrafo» ЖШС зауыты жұмысын бастады. Қала былай тұрсын, Орталық Азиядағы ең ірі трансформаторлар шығаратын өндіріс орны «КЕГОК» АҚ үшін өнімдер шығару ісін қолға алды. Кәсіпорын қуаты 500 кВ класты трансформаторлар бойынша отандық қажеттіліктің 99% — ын жабуға қауқарлы. Жалпы сол жылы үшінші мегаполистің өндірісі өркен жайды.

Сол жылы қала ажарын ашатын бірқатар нысандар ел игілігіне берілді. Солардың ішінде ерекше атап өтерлігі қала орталығындағы Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігінің «Арбат» демалыс аймағына айналып шыға келгендігі. 2018 жылы 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні қарсаңында пайдалануға берілген нысан құрылысына 4 ай уақыт пен 560 млн. теңге жұмсалды. Ұзындығы 460 метр, ал ені 35 метрді құрайтын «Арбат» демалыс аймағы бүгінде шымкенттіктердің ең сүйікті демалыс орнына айналып үлгергені белгілі.

Шымкенттің климаты мен географиялық орналасуы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өте қолайлы. Осы бағытта аталған саланы серпінді дамыту жұмыстарына баса мән берілді. Сөйтіп, 2018 жылы қалада ауыл шаруашылығын дамыту үшін 136 гектар жер бөлініп, агро-индустриялық аймақ құру жұмысы бастау алды. Сол жылы Шымкентте жаңа әуежай терминалының құрылысы басталды. Бүгінде өткізу қабілеті сағатына 2000 адамды құрайтын терминал құрылысы қарқынды жүруде. Нысан осы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Дәл сол жылы Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихын айғақтайтын жәдігерлер табылған Ескі Қалашықты қалпына келтіру жұмыстары қарқын алды. Ескі Қалашықты ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Жұмыс биыл толық аяқталады деп күтілуде.

2018 жылы жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 3 ірі сауда нысандарының атап айтқанда «Nauryz Park» сауда-ойын-сауық орталығы, «Gra Mad» гипермаркеті және «Гипер Хаус» сауда орталығының ІІ-кезеңінің құрылысы аяқталды.

Шетелдік инвесторларды тарту, инвесторларға қаланың инвестициялық әлеуеті және мемлекеттік қолдау шараларымен таныстыру мақсатында 2018 жылдың 8-желтоқсанында Шымкент қаласында «Shymkent Development 2018» халықаралық инвестициялық форумы ұйымдастырылды.

Аталған форумға әлемнің 20 мемлекетінен 100-ден астам, қазақстандық 300 делегат қатысты. Форумда құны 200 млн АҚШ долларын құрайтын 11 меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек 2018 жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттегі жақсы және қанағаттанарлық күйдегі көшелердің үлесі 53,7%-ға жеткізілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 57 пайызды құрады. Шымкентте автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 2 976,6 шақырымға жалғасады.

Шымкентте 30-ға жуық көлік компаниясы жұмыс істейді. Ондағы автобустар саны мыңнан асады. Өкініштісі олардың басым көпшілігі ескірген. Осыған сәйкес, 2019 жылы қалаға отандық 300 автобус жеткізіліп, қолданысқа берілді. Билік биыл 590 автобус алуды жоспарлауда. Жолаушылар тасымалы бағытында шешімін күтіп отырған тағы бір мәселе электронды төлем жүйесіне көшу болып табылады. Әкімдік бұл жоба үстіміздегі жылдың шілде айынан басталатынын хабардар еткен болатын.

Өткен жылы Шымкент тарихында өрісті істер көп болды. Атап айтқанда өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 15, ауыл шаруашылық өнімі 6,3 пайызға, тұрғын үй құрылысы 19,2 пайызға, ал, бөлшек сауда 7,1 пайызға артты. Бірнеше жылдан бері тоқтап төрған «Альянс» компаниясының жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылып, тамырына қан жүгірді.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне студенттер үшін 550 орындық 2 жатақхана пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек 2019 жылы «Белсенді, ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ол жерде зейнеткерлер спортпен шұғылданады. Кітапхана, кинозал, емдеу бөлмелерінде уақытты тиімді өткізе алады.

Жыл сайын қалада түрлі сала бойынша қызмет көрсету сервисі жанданып келеді. Мәселен осы жылы «Репродуктивті медицина институтының Шымкент қалалық филиалы» ашылды.

Былтыр Шымкенттіктер үшін ақжолтай ақпарат – еліміздің үш мегаполисіндегі 3000 жұмыс істейтін жастар үшін бес жылға арендалық негізде пәтер берілетіндігі болды. Осыған сәйкес 2019 жылы Шымкентте жұмыс істейтін 904 жасқа пәтер кілттері табыс етілді. Сондай-ақ, өткен жылғы айшықты жаңалықтың бірі ЮНЕСКО Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтуді 2020 жылы өтетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізуі болды. Мұндай шешім Франция астанасында өткен ЮНЕСКО-ның 40 Бас конференциясында қабылданды

Қаланың 2200 жылдық мерейтойын атап өту 2020 жылдың еншісіне қалдырылған болатын.

Есігін ашып 2020 жыл есік қағып келгенде көп жоспар ойдағыдай іске асырылмай қалды. Оған жұқпалы коронавирус дертінің көз ілеспес жылдамдықпен тарауы себеп болды.

Иә, әлемді жайлаған коронавирус дертіне байланысты «Шымкент 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы» бағытында ойластырылған шараларды өткізуге тыйым салынды. Жалпы биыл КВИ індетінің кең таралуына орай бұқаралық жиындарды өткізу тоқтатылған болатын. Соған сәйкес осы жылы Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы аясында өткізілетін 30-дан астам халықаралық шаралардың барлығы адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін тоқтатылды. Бірақ «Шымкент – ТМД-ның мәдени астанасы» жылының ашылу рәсімі де, мәдени іс-шаралар да онлайн режимде өтуде.

Алдағы жылдарға Шымкентте жоспарланған жұмыстар жетерлік. Солардың ең бастысы жалпы ауданы миллион шаршы метрден асатын тұрғын үйдің немесе 13636 пәтердің пайдалануға берілетіндігі болып отыр. Бұл үшін қалада қазіргі таңда 252 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 78 тұрғын үй бюджет есебінен, 48 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ қаржыландыруымен және 126 үй жеке салушылар арқылы жүргізіліп отыр. Ағымдағы жылы 136 көпқабатты тұрғын үй немесе 7561 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Айтпақшы, өткен аптада Қала күні қарсаңында 90 тұрғынға баспана кілті табыс етілді.

Осы жылы тындырылған тірліктер қатарында құрылысы 2015 жылы басталған Мангельдин мен Темірлан тас жолы бойының қиылысында орын тепкен жерүсті өткелінің пайдалануға берілгені болып табылады. Бұдан бөлек, биыл айналасы екі айдан астам уақыттың ішінде модульдік үлгі бойынша салынған жұқпалы аурулар госпиталі салынды. 200 орынға арналған нысан қаладағы Орталық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы ретінде тұрғындарға қызмет көрсететін болады.

Қазіргі таңда Шымкентте 53 шағын аудан орталықтан шалғайда орналасқан аумақтар болып табылады. Өкінішке орай ол аудандарда инженерлік инфрақұрылым мәселесі толықтай шешілмеген. Қала билігі осы бағытта қордаланған мәселелерді шешуде біраз жұмыстардың қолға алынып жатқанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы 2025 жылға дейін түйінделетіні туралы тұрғындарға бірнеше рет уәделі мәлімдеме жасап келеді.

Мегаполис болып белгіленген екі жыл ішінде қала әкімі үш рет ауысты. Негізінде Шымкент миллионды қала статусын алған шақта қала тізгіні Нұрлан Сауранбаевтың қолында болатын. 2018 жылдың 20-маусымында шаһар басшысы болып Ғабидолла Әбдірахымов тағайындалды. Одан соң ол 2019 жылдың шілдесінде қызметінен аяқ асты алынды да, оның орнын Отырар ауданының әкімі болып қызмет етіп келген Ерлан Айтаханов алмастырды. Ерлан Айтаханов бұл қызметте нық отырмады. Бар болғаны алты айға жуық уақыттан соң қала әкімі қызметінен алынды. Оның орнын қазіргі қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов алмастырды.
P.S. Естеріңізде болса 2016 жылы OLX сервисі Қазақстанда өмір сүруге ең қолайлы қаланы анықтаған. Сол кезде 13 мыңнан астам анкетаны зерделеу нәтижесінде Шымкент ең жоғары балл жинап бірінші орынға шыққан. Екінші орынға Павлодар қаласы, ал Астана мен Алматы қалалары үшінші орынға жайғасқан. Өмір сүруге қолайлы қаланы анықтау үшін сауалнаманы ұйымдастырушылар дүкеннің жақындығы, демалыс, спорт орындарының болуы және балаларға арналған инфрақұрылым сынды өлшемдерді негізге алған. Көптің пікірі бұл талаптар бойынша тұрғындардың көңілінен шығуда Шымкент қаласына тең келер мекен жоқ екенін көрсеткен. Содан бері төрт жыл өтті. Егер де қандай да бір ұйым дәл осындай бағыттағы сауалнаманы жүргізетін болса, Шымкент тағы алдыңғы шепке шығатынына сенім мол. Себебі, қалада аттап бассаң сөрелері азық-түлікке сыймай тұрған өнімдері бар түрлі дүкендер, дәмі тіл үйірер кафе, ресторандар, саялы саябақтар, көрікті демалыс орындар жетерлік. Және олардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқаны да мұндағы әрбір күнді жылымық етіп келеді. Шуақты әрі шырайлы қаламыз жасай берсін. Түлей түссін