АЙЫП ТҰРАҒЫНДА АНЫҚТАЛҒАН АҚАУ КӨП

«Кісі басындағы күйені көріп, өз басындағы түйені көрмеу». Бұл сөз Түркістан қаласындағы айып тұрағына жауапты органға арналып айтылғандай. Себебі, жол ережелерін бұзған және жол-көлік апатына ұшыраған автомобильдерді уақытша сақтайтын тұрақта тиісті қауіпсіздік талаптары сақталмаған.

Атап айтқанда көліктер уақытша сақталатын айып тұрағында өрт сөндіру қалқандары атымен жоқ. Автокөліктердің ретсіз орналасуы да тиісті талаптарға сай келмейді. Тұрақ аумағының құрылысқа қажетті заттар мен қоқыс үйінділеріне толы екендігі нысанға жауапты басшылардың бұл жерге ат ізін салмайтынын немесе қолданыстағы ережелерге атүсті қарайтынынан хабар беріп тұрғандай.

Бұл олқылықтар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен жүргізілген кешенді мониторинг жұмыстары кезінде анықталған. Шара жұмыстарына «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері мен Арнайы мониторинг топ мүшелері, қалалық ПБ қызметкерлері мен қоғам белсенділері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Анықталған кемшіліктер агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің назарына алынып, Түркістан қаласы әкімдігіне қайта қалпына келтіру бойынша бірқатар ұсыныстар жолданды.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті қала тұрғындарына айып тұрағына көліктер ақысыз түрде уақытша орналасатынын, олар бейнебақылау камералары арқылы бақыланып отыратынын баса айтады. Және де олар егерде айып тұрағының қызметі үшін ақы талап ету деректеріне тұрғындар куә болса, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің тәулік бойы тегін қызмет ететін 1424 сенім телефонына қоңырау шалуына немесе «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің +7 747 263 83 63 (Whatsapp) нөмірі арқылы хабардар етуіне болатынын мәлімдейді.