КАРАНТИНДІК МЕРЗІМ ОДАН ӘРІ ҰЗАРТЫЛДЫ
Түркістан облысының аумағында карантин және шектеу іс-шаралары 2020 жылы 8-маусым сағат 00.00-ден бастап коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылады. Осыған байланысты бірқатар шектеу шаралары қолға алынып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.
С.Қалқаманов облыс тұрғындарын жарияланған карантиндік шараларға түсіністікпен қарап, сақтық шараларын сақтауға шақырды.
«2020 жылғы 8 маусымдағы жағдай бойынша облыста коронавирустық инфекцияның расталған 400 жағдайы тіркелген. Жазылғандар саны — 257. Инфекцияның жұқтыру көздері бойынша 84 науқас жұқпаны сырттан әкелген (Нұр-Сұлтан-1, Ақтаудан-1, Атыраудан-31, Алматыдан-2, Шымкенттен-2, Қызылорда-1, Павлодардан-1 және Ресейден келген-5, Туркиядан келген-1, Өзбекстаннан-37, Жезқазғаннан-2. Біз бұл індеттің одан әрі кең таралмауына үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, брифингте сөз алған Түркістан облысының Бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов карантин режиміндегі бірқатар шараларды атап өтті.
«Облыс аумағында 2 және одан да көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде бетпердені міндетті түрде тағу қажет. Қоғамдық орындарда адамдар арасындағы ара қашықтық 2 метрден кем болмауы тиіс. Маскалық режимді сақтай отырып саябақтарда, алаңдар мен скверлерде, жағалауларда азаматтардың серуендеуіне рұқсат етіледі. Отбасылық іс-шараларды өткізуге және мұндай жерлерде топталып жиналуға тыйым салынады. Ал, жерлеу іс-шараларын жүргізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 20 адамға дейін ғана жиналуына рұқсат етіледі», – деді Н.Нышанов.
Сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сауда, ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың және мал базарларының қызметіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, карантин кезінде сақтық шараларын сақтай отырып, бірқатар мекемелердің жұмыс істеуіне болады. Атап айтқанда, медициналық орталықтарға, стоматологиялық клиникаларға, сұлулық салондарына, шаштаразға алдын ала жазылу арқылы баруға болады. Сондай-ақ, азық-түлік және азық-түлік емес базарларының жұмысына сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін шектеу қойылды. Құрылыс дүкендері, оптика, гүл дүкендері, зоомагазиндері де белгіленген уақытпен жұмыс істейді. Ал, техникалық қызмет көрсету станцияларының, көлік жуу орындарының, шиномонтаждау, автобөлшектер дүкендерінің, автосалондардың жұмысы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін деп белгіленді.
50 орынға дейінгі қоғамдық тамақтану орындары және басқа да халыққа қызмет көрсету жөніндегі объектілері сағат 10.00-ден 22.00-дейін жұмыс істейтін болады.
Санитарлық-эпидемиологиялық және күшейтілген дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтардың, балалар үйлерінің балаларын жазғы сауықтыру үшін Түлкібас ауданындағы «Самал» балалар сауықтыру лагерінің және тек қана Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен балаларды жазғы сауықтыру үшін Сарыағаш ауданындағы «Балдәурен» сауықтыру лагерінің жұмысына рұқсат етіледі.