Мақсат – үй іргелік жерді тиімді пайдалану

Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің аудан әкімдерімен өткізген селекторлық жиынында облыс аумағында ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 3 негізгі бағытты белгілеп берген болатын. Сол бағыттардың бірі — үй іргелік жерлерді тиімді пайдалану арқылы мол өнім алу.

 

Күні кеше ғана осыған орай, Түлкібас ауданының Шақпақ ауылдық округінде карантин режиміне сәйкес, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып көшпелі семинар өтті. Семинарға аудан әкімі Н.Байғұт, шаруа қожалық төрағалары мен мемлекет тарапынан АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) пен қайтарымсыз грант алатын азаматтар және аудан тұрғындары қатысты.

Семинардың мақсаты — үй іргелік жерлерге израильдік технологияны енгізудің тиімділігін түсіндіру. Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек пен қайтарымсыз грант алатын тұрғындарға өз кәсібін ашуға бағыт-бағдар беру, тұрмыстық жағдайын жақсартуға ықпал ету.

Көшпелі семинар бағдарламасына сәйкес аудан әкімі бастаған округ әкімдері мен семинарға қатысушылар тамшылатып суғару тәсілін орнатып, үй іргелік жеріне қызанақ отырғызған жеке кәсіпкер З.Рахматуллаеваның үйіне барды. Онда аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы семинарға қатысушыларға израильдік технологияның тиімділігі мен артықшылықтарын көрсетіп, түсіндірді.

Израильдік технологияның қарапайым арық арқылы суғару әдісінің ерекшелігі жерді аударып дайындауды және арық қазуды қажет етпейді. Қарапайым суғару әдісінен қарағанда өнімді 3 есе көп береді. Сондай-ақ, егілген көкөніс айналасынан жабайы шөп шықпайды.

Израильдік технология орнатылған егістік алқабында АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) пен қайтарымсыз грант алатын тұрғындармен сұхбат құрған аудан әкімі Н.Байғұт тұрғындарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз қаржыларды пайдалана отырып, тұрмыстық жағдайын жақсартып алу қажеттігін айтты.

Көшпелі семинар барысында қатысушылар «Береке», «Империя», «Жарқынбек» және «Ақ биік» шаруақожалықтарының жұмысымен танысып, аса қажетті мол мағлұматтар алды.