КІШІ ҚАНЫБЕКОВ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАРҒАН МАМАНДАРЫ ҮШІН ҚЫЗМЕТІНЕН АЛЫНА МА?

 

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының жетекші маманы өз қызметін пайдалана отырып, теріс пайда тапқан. Жағымсыз тәжірибе елімізде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде орын алған. Яғни, мемлекеттік мекеме маманы қолындағы құзыреті арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізетін азаматтың базар аумағына ет өнімін саудалауға шығаруы үшін одан сыйақы алып, заңсыз әрекетке барып отырған. Сонымен қатар ол, ауыл шаруашылығы мақсатындағы техниканы тіркеуге қою, оны жүргізу куәлігін ауыстыру туралы қызметке жүгінген тұрғыннан 50 мың теңге көлемінде пара алған. Бұл әрекетін аталған басқармадағы бас маманмен бірге жүргізген. Тергеу барысында жөнсіздікке барған мамандар құқықбұзушылық әрекеттерін толық мойындаған.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу оның алғышарттарын болдырмау мақсатында жуырда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті аталған басқарманың ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесуге қала әкімінің орынбасары М. Исахов, әкім аппаратының басшысы Е. Әлімқұлов, әкімдік қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы басқармасының ұжымы қатысты.

Шара кезінде аталған департамент басшысы Асхат Жұмағали әр мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіну қажеттігін айтып, заңбұзушылықтардың алдын алмаған тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдатуды ұсынды. Сонымен қатар департамент басшылығы қылмыс жасаған жетекші маман мен заң бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен бас маманды теріс себептермен жұмыстан шығару, олардың тікелей басшыларын жұмыстан босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізді.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары М. Исахов айтылған ұсыныстарды қолдап, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Енді басшылық қабылдаған шешім негізінде бөлім басшысы орнынан босай ма әлде басқарма басшысы қызметтен кете ме ол жағы әлі ашып айтылмады.

Естеріңізде болса былтырдан бастап елімізде алғаш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілген болатын. Сол заңға сәйкес қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков қандай жауапкершілікке тартылады екен?

Жалпы Асқар Қаныбековтың қарамағындағы қызметкерлерінің бұлайша заңсыз әрекеттерге баруы нені аңғартады? «Қамшыны бос ұстасаң» қолды кесетіні сынды бұл басқарма басшысының «жұмсақ» болғаны ма? Немесе оның әр бағыттағы жұмыстарға бақылауды өз деңгейінде жүргізбейтін атқамінер екенінен хабар бере ме?

Осындайда қол астындағы қызметкерлерін «бос қойған» басшы өзге жұмыстарды он орап әкете алады ма деген сауал туындайды. Жасыратыны жоқ Асқар Қаныбеков былайғы жұрт үшін атқарылған жұмыстарымен емес, мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбековтың баласы ретінде жақсы таныс. Кіші Қаныбеков Шымкенттің ауыл шаруашылық басқармасына 2018 жылдың тамыз айында тағайындалған. Сол кезде оның бұл тағайындалуы туралы ақпараттарда әкесі Сәкен Қаныбековтың Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі екені де көрсетілген. Бұдан оның жоғарыда тіреуі бар кадр екенін түсіну қиын емес екені белгілі.

Ол осы қызметке тағайындалғаннан бері Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласында тындырылған тірліктерден гөрі келер күннің еншісіне қалып келе жатқан шаруалар көп.

Жыл басынан бері Шымкентте агроөнеркәсіп кешен бағытына жалпы құны 8,6 млрд. теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылатыны, бүгінде соның тек 4-уі іске қосылғаны сөзіміздің жалаң еместігін аңғартады.

М. ӘБДІРАЙЫМ.