ҚАЛА ӘКІМІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ауыл шаруашалығы саласы бойынша ісі алға басқан бірқатар ірі нысандардың жұмысымен танысты. Әкім бет алған алғашқы нысан «Бәйтерек Агро» агроөнеркәсіптік кешені болды.
Қаратау ауданы аумағында орын тепкен кешеннің ауыл шаруашалық саласының дамуына қосып жатқан үлесі аз емес. Кешен ірі қара мал бордақылау, тауарлы сүт фермасы, сүт қабылдау мен қайта өңдеу сынды бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар онда мал сою орны тағы бар.
Кешен өзінің негізгі өндіріс саласы бойынша қанатын кеңге жайып келеді. Мәселен, мұнда 1300 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Тәулігіне 50 бас ірі қара мал сойылады. Бұдан бөлек 200 бас тауарлы сауынды сиыр бар. Ауыл шаруашылығы кооперативі күніне 4 тоннаға дейін сүт қабылдайды. Тиісінше бір тәулікте 4 тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы.
Қазіргі таңда кешен 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Маусымды кездері кешенде отбасылық ырыздығын табатын адамдардың саны 200-ге дейін жетеді. Кешен басшылығы өз өнімдерінің жергілікті тұрғындарға қолжетімді болуын да назарға алған. Осы мақсатта өңделген тауарлар қаланың тұрғындары тығыз шоғырланған аумақтардағы 5 дүкенде ешқандай делдалсыз босатылуда.
Бұдан соң қала басшысы «Шымкент құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Тауарлы жұмыртқа және бройлер етін өндіретін құс фермасында 300-ден астам адам жұмыс істейді. Серіктестік бір жылда 105 млн. дана жұмыртқа және 2000 тонна бройлер құс етін өндіруге қауқарлы. Зауыт заман ағымына сай жаңарып, жаңаша жұмыс істеу тәсілін жетік меңгерген. Атап айтқанда фермада жұмыртқаларды жинау, сорттау процестерінің автоматтандырылған жүйе түрінде реттелуі соның жарқын мысалы. Бүгінде «Шымкент құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 602,7 мың бас құс өсірілуде. Оның ішіне 286 мың құс жұмыртқалағыш мекиен тауық. Жас балапан саны 154 мыңды құрайды. Ал 123 мың бас бройлер болып табылады.