СЕЛМЕН КЕЛГЕН СУ МАРЖАНДАРЫ АС БОЛМАЙДЫ

«Жұт жеті ағайынды» деген сөз тегін емес. Өзбекстан Республикасындағы «Сардоба» су қоймасы бөгетінің жарылуынан болған сел Мақтааралдағы бес ауылды су астында қалдырғаны белгілі.

Тасқын сумен балықтар да ағып келген. Өкінішке орай ол балықтар талғажау болар тағам деуге келмейді. Мамандар жүргізген зерттеу нәтижесі тасқын сумен бірге келген су маржандарының жеуге жарамсыз екенін көрсетіп отыр. ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертханасы» мамандары жүргізген зерттеу кезінде топан судағы балықтардың ішкі ағзаларынан түрлі аурулардың бактериялары мен таяқшалары бар екені анықталған. Өз кезегінде Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай «Ағымдағы жылдың 12-мамырында су басқан елдімекендердегі балықтардың жарамдылығын анықтау мақсатында 4 дана балықты «Республикалық ветеринариялық зертханасына» жіберген болатынбыз. Бүгін қолымызға сараптама қорытындысы келіп түсті. Сараптама қорытындысына сай тұрғындарға су басқан аумақтарда балық аулауға болмайтынын ескертеміз. Сонымен қатар, балық аулау фактілерінің тіркелмеуін қадағалаймыз»,-деді.

Бүгінде Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы сарқынды сулардағы балықтарды аулап, олардың көзін жою жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ, халық арасында «Сардоба» суы басқан Мақтаарал ауданындағы ауылдарда балықтарды аулауға, тұтынуға болмайтыны жөнінде түсіндірулер қолға алынды.