Толғанай МҰСТАФИНА: Дінді де ұстанып, дәстүрді де дәріптеу қажет
Діни сенім адамның ең нәзік тұсы болса, әйел арқылы отбасындағы тәрбиеге, болашақ ұрпаққа да өз ықпалын тигізеді. Қазіргі уақытта елімізде қыз-келіншектерге арнайы діни білім беретін 6 білім шаңырағы бар. Олар –Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті және ҚМДБ-ға қарасты 6 орта арнаулы оқу орны. Бұдан бөлек 900-ден астам мешітте арнайы тегін білім беру курсы өтеді. Бәрінде де әйлдерге арналған алғашқы сауат ашу дәрісі жүргізіледі. Соған қарамастан қыз-келіншектерді жат ағымның құрбаны болған жағдайлар кездесіп жатады. Осы орайда әйел жамағаттарына арналған Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының (РАТТ) жұмысын үйлестіруші Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығының атқарушы директоры, дінтанушы Толғанай Мұстафинамен сұхбаттасқан едік.
– Қазір елімізде жан-жақты дерадикализацияға қатысты түрлі деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтары нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Сұхбатымызды өзіңіз жетекшілек ететін РАТТ жұмысының ерекшелігінен бастасақ?
– Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары елімізде 2013 жылдан бастап қолға алынды. Алдын алу жұмыстарына қоғамымыздың әр түрлі тобы қамтылды. 2018 жылдан бері Дін істері комитетінің бастамасымен еліміздің 8 өңірінде (Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды облыстары) түрде әйелдер арасында дін мәселелері жөніндегі арнайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған өңірлер діни ахуалы белгілі бір деңгейде күрделі болғандықтан таңдап алынды. Діни радикализм қыз-келіншектерімізді өз жетегіне алып кетуі жиілеп тұр. Сондықтан мемлекет бұған алаңдап, осындай іс-шараларды атқаруды күн тәртібіне қойды.
– Әйел жамағаттарын қандай негізге қарап таңдайсыздар?
– Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілер алдында дін саласындағы жергілікті жауапты мекемелермен міндетті түрде кеңесіледі. Өңірдегі іс-сапарлар 3-5 күнге созылады. РАТТ мүшелері өңірдегі дінге енді қызығушылық білдіріп жүрген жас қыздар, келіншектер, мешіттердегі діни сауат ашу курстарына келетін шәкірттермен кездеседі. Одан бөлек жат ағымдарға бейім тұлғалармен арнайы кездесулер өтеді.
Түзету мекемелерінде діни радикализм бойынша жазасын өтеп жатқан әйелдермен де профилактикалық жүздесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ биыл «Жусан» арнайы операциясы арқылы елге оралған әйелдермен жұмыс істеуге ерекше назар аударылды.
– Жат ағымдар негізінен мешіттерден тыс орталарда өз қызметін жүргізетіні белгілі. Ал сіздер түсіндіру жұмыстарын көбіне мешіт жамағаттарымен өткізесіздер. Олардан қандай қауіп бар?
– Мешіт жамағаттарынан қауіп жоқ. Алайда әйел адамдар, соның ішінде жас қыз-келіншектер діни білімге, діни талаптарға сәйкес өмір сүруді жаны қалап, өздерінің болашақ жұбайларын да дін ұстанған азаматтармен байланыстырады. Ол ізденіс әдетте мешіттен тыс ортада, көп жағдайда интернетте жүзеге асады. Осы кезде діни білімін енді алып жатқан жас қыз немесе келіншекке оң мен солды ажырата алмау қаупі бар. Мәселе жас қыз-келіншектердің дәрменсіздігінде емес, деструктивті идеологияның әртүрлі формада ықпал етуінде. Сондықтан біз мешіттерге діни сауаттылығын арттыруға келетін қыз-келіншектерге психологтарды қатыстыру арқылы түрлі тренингтер ұйымдастырып, зайырлы мемлекеттегі мемлекет пен діннің ара-қатынасын түсіндіруге тырысамыз.
– РАТТ тізіміне «Жусан» операциясы арқылы елге оралған әйелдер де қосылды. Олармен жұмыс істеуде қандай ерекшелік байқал?
– Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобына негізінен білікті әрі дін саласында бірнеше жылдық жұмыс өтілі бар дінтанушы, исламтанушы, психолог, теолог мамандар, белсенді қоғам қайраткерлері енеді. Ал биыл «Жусан» арнайы операциясы арқылы елге оралғандар әйелдердің бірін профилактикалық жұмысқа тартып, өзге өңірге апару тәжірибесін жасадық. Ол әйелдің бұрынғы діни көзқарасынан бас тартқанына көз жеткізгеннен кейін ғана бұл бастама іске асты. Дінге енді қызығушылық білдіріп отырған немесе бастапқы кезде діни көзқарасы радикалды бағытта қалыптасқан арнайы топтармен кездескенде деструктивті идеология құрбанының өзі сөйлегені өте маңызды. Ол жат ағымға ерудің нәтижесі қайда апарып соғатынын жақсы біледі және дұрыс түсіндіре алады.
– Бастапқы көзқарасынан қайтпаған әйелдер назарға ілікті ме?
– Әлбетте, алғашқы діни сауатын радикалды ағымнан алған соң, діни көзқарасы сол сарында қалыптасып, қатып қалғандар жоқ емес. Оған қоса әйелдер радикалды идеологиядағы азаматқа тұрмысқа шықса, оның дүниеге көзқарасы да осы бағытта бекиді. Кейбіреуі өзінің жат ағымдар жүргенін түсініп, алайда күйеуінің қалауынан шыға алмай жатуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды.
– Сұхбат соңында атқарылып жатқан жұмыс нәтижелер айта кетсеңіз?
– Дін істері комитетінің бастамасымен РАТТ және өңірлердегі дін саласындағы жауапты мекемелердің қолдауымен жан-жақты өткізіліп жүрген алдын алу жұмыстары нәтижесінде қоғам мүшелерінің көпшілігі еліміздің дін саласындағы саясаты жайында хабардар екенін аңғардық. Десек те, дәстүрімізге сәйкес діни ұстаным мен радикалды діни ағымдардың айырмасын көбі түсіне бермейді. Бастапқы кезде діни білімін радикалды ағымдардан алғандар ішінде дәстүрлі діни ұстанымға бейімделгісі келетіндер бар. Бірақ діни сезім өзі нәзік құбылыс болғандықтан, бұған біраз уақыт керек. Ең бастысы үлкен күш жұмсау қажет.
Сұхбаттасқан Айша КЕҢЕСБАЙ.