ЕГІС АЛҚАБЫНДА ӨРТТІ АЛДЫН АЛУ ЕСКЕРТІЛДІ

Шымкентте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 62 мың гектардан асады. Ағымдағы жылдың сәуір айының бел ортасында қалада көктемгі дала жұмыстары басталып, диқандар жер баптауға кірісіп кеткен еді. Жергілікті билік биыл егіс алқабын өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға ұлғайтып, оның жалпы аумағын 27,6 мың гектарға жеткізуді жоспарлаған. Соған сәйкес тиісті жұмыстар қолға алынған.

 Өз кезегінде Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері егіс алқаптарының бойында минералды жолақтардың жүргізілуіне бақылау жасауда.

Жуырда аталған бағыттағы тиісті тексеру жұмыстары Абай, Қаратау аудандарында жүргізілді. Жауапты мамандар Абай ауданындағы «Жаңаталап» тұрғын алабындағы шаруалармен жүздесті. Кездесу кезінде төтеншеліктер диқандарға егілген алаңдарда, бау-бақша учаскелерінің айналасында өрт қауіпсіздігі ережелеріндегі негізгі талап – минералды жолақтың яғни, жер жырту жұмыстарының сапалы жүргізілуіне баса назар аударуды ескертті. Өз кезегінде өрт қауіпсіздігі ережесі үшін атқарылған бұл жұмыстар егістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар олар, шаруаларға минералды жолақтың ені 4 метрден кем болмауы қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек диқандарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мен төтенше жағдайды алдын алу бағытындағы тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.