БЕКІМБЕТОВ «КӨП ЖОРҒАЛАҒАН  ЖЫЛАННЫҢ АЯҒЫ КӨРІНЕДІНІҢ» КЕРІН КИДІ МЕ?

Өткен жексенбіде жұрт жаға ұстатар жаңалықтың куәсі болды. Түркістан облыстық азаматтық сот алқасының төрағасы Түгел Бекбайұлы Бекімбетовтың парамен ұсталғаны жұрт арасында жылдам тарады. Білдей басшы азаматтық істі апелляциялық сатыда оңтайлы шешіп беру үшін 220 мың теңге пара алып (авт.кейбір деректерде 250 мың) жатқан жерінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлерінің қолына түскен. «Сенген қойым сен болсаң…» дегенді еріксіз еске түсірген Түгел мырзаның бұл әрекеті тергеліп, май шаммен қаралып жатқаны түсінікті.

 Түгел Бекімбетов бұл қызметке 2015 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалған еді. Мемлекет басшысының «зор сеніміне» ие болған судья арада бес жыл өткеннен соң осылай оралымсыз іс-әрекетімен аттан түсіп отырған жағдайы бар. Экс-төрағаның судьялардың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген принциппен жұмыс істеу керек екенін жақсы білсе де, бұлайша жолынан жаңылғаны жағымсыз көрініс болды.

Естеріңізде болса осы жылғы қаңтардың аяғында Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы Әшірбек Шәріпұлы Рахымбаев та парамен ұсталған болатын. Сол кезде былайғы жұрт күрделі істерді қарайтын судьяның әділдікті емес, ақшаны алғы шепке шығарғанын зор таңданыспен қабылдаған еді. Көп ұзамай облыста осыған ұқсас жағдайдың тағы да қайталанып отырғаны халықтың «қара қылды қақ жарады» деген судьяларға деген сенімінің сетінеуіне өз әсерін тигізері сөзсіз.

Қазақта «көп жорғалаған жыланның аяғы көрінеді» деген сөз бар. Түркістан облыстық азаматтық сот алқасының экс-төрағасы Түгел Бекбайұлы Бекімбетовтың парамен ұсталуы «көп жорғалаған жыланның» нақ өзі болды ма әлде жоқ па?

Осы жағдайға орай 26-сәуірде журналист Амангелды Батырбеков өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасында «…2018 жылы 1-ші мамыр күнгі «Тамыр таныстық нәтижесі-ау?! Все таки результат тесной связи?!» деген постымызда қарапайым мұғалімнен пара сұрап тұрғаны интернетте хит болған, 7 жасар зорланған баланың арқасында бүкіл елге заңбұзушылығымен танылған, Абайдағы Ө.Жәнібеков атындағы мектептің бұрынғы директоры Үбайда Қожагелдиева мен осы төраға Түгел Бекімбетовтің арасындағы ымыраны байқап қалып, сынға алған болатынбыз.

Бірақ ол сынымыз төраға Түгел Бекімбетовтің қыртына да келмеген.

Сөйтіп мен, 2018 жылы 3-ші шілде күнгі «Не деген сот біздегі, бетімай! До чего же мне стыдно за наш суд!» деген постымда оның сыбайластыққа беті бүлк етпестен бара беретіні туралы «Сіз үшін ұяттан жердің тесігіне мен кіріп кетейін деп отырмын, Түгел Бекбайұлы!» деп жазған екенмін.

Ешкім сенбеген еді…» деген жазба жариялаған.

Оның бұл пікірі жоғарыдағы сұрағымызға нақты жауап болмаса да, көзі қарақты оқырман үшін қандай да бір болжам жасауға негіз болатын сыңайлы.

 

А. САТЫБАЛДЫ.