ЖӘМИЛАНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ ЖҰРТҚА ҮЛГІ
Қазақстан қиын кезеңді бастан кешіруде. Мұнай бағасының құлдырауы төл теңгемізді әлсіретті. Доллар бағасының көтерілгені әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне де өз әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Жергілікті билік азық-түлік бағасын тұрақтандыруды бақылауда ұстағанмен дүкен сөрелері мен базарларда тұрған өнімдердің бұрынғыдай бағада босатылып жатпағаны белгілі. Коронавирус дертінің де дендеп бара жатқаны да қыспаққа алды.
Осындай кезеңде бір-бірімізге жақсылық жасап, жұдырықтай жұмылу арқылы ғана біз сынақтан сүрінбей өтіп, жеңістерге жетеміз. Жақсылықтың үлкен, кішісі жоқ. Қазіргі таңда иненің жасуындай болса да ізгілік көрсетудің маңызы зор.
Осыны терең түсінген теріскейлік тігінші Жәмила Қанапина қолынан келетін іс арқылы біраз жанға жақсылық жасады.
Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылдық округінің тұрғыны болып табылатын ол бір күнде 300 бетперде тігіп, оны ауыл тұрғындарына тегін таратып берді. Жәмила Қанапина өзі тігіс тігу арқылы табыс тауып отырған жан. Қолы ісмерлікке епсекті болғандықтан, бір күнде осыншама бетпердені дайындау оған аса қиындық тудырмапты. Мұндай істің басы-қасынан табылуын ол «Қазір көп жерде медициналық бетперде табу қиындық тудырып кетті. Оның үстіне бағасы да шарықтап барады. Ел басына осындай қиын күн түскенде, халықпен бірге болып, қолымнан келетін кәсібімді пайдалы іске жұмсауды, көпшілікке жәрдемдесуді мақсат еттім»,-дейді. Ісмер келіншектің ісі көңіл тоғайтса, сөзі жан семіртеді десек те болады.
Сонымен қатар ол, жергілікті әкімдік немесе басқа ұйымдар мата жеткізіп берсе, осы ісін одан әрі жалғастыратынын да айтып қалды. Оның бұл ұсынысын ауыл тұрғындары әкімдік өкіліне тез арада жеткізіп, кәсіпкерлер арқылы Жәмиланың тігін цехына мата жеткізіп беру жұмыстарын ұйымдастыру туралы ұсыныс білдіріп отыр. Ал Созақ аудандық төтенше жағдай жөніндегі штаб төрағасының орынбасары Бағдат Айдарбеков болса, осындай қиын сәтте, қайырымды іс жасап отырған Жәмила Айдарбекқызына тұрғындар атынан алғыс білдірді.
Оның бұл қайырымды тірлігінің сауабы мол. Себебі ол тіккен бетперделер бір реттік емес, көп қолданысты. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Талғат Әлішерұлы бетпердені жуып, қайтадан бірнеше рет қолдануға жарамды екенін алға тартуда.