КҮНГЕЙГЕ КОРОНАВИРУСТЫҢ ЕНБЕУІ ҚАДАҒАЛАНУДА

Түркістан облысында Алматы және Қызылорда бағытының шекаралық аймақтарындағы «Сауран» және «Шақпақ» бекеттерінде короновирус дертіне байланысты тәулік бойы жұмыс істейтін блокпосттар қойылды.

 

Ағымдағы жылдың 18-наурызынан бастап қойылған блокпосттарда полиция және медицина мамандары әрбір көлікті тоқтатып, арнайы құрылғымен азаматтардың дене қызуларын өлшеп, тексерістен өткізуде.

Мәселен, Шымкент-Самара тас жолының 208-шақырымындағы «Сауран» бекетінде коронавирустың Түркістан облысы аумағына енбеуін қадағалау мақсатында арнайы блокпост тәулік бойы жұмыс істеуде. Кеше  таңғы 9:00-ден 13:00-ге дейін 200-ге жуық көлік тексерістен өткен.

Түркістан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Бақтыораз Елемесов аталған уақыт ішінде  ыстығы көтерілген күдікті азаматтар анықталмағанын айтты.

«Облыстың шекаралық аймақтарындағы «Сауран», «Шақпақ» бекеттерінде арнайы блокпосттар тәулік бойы кезекшілікте. Онда мамандар арнайы 3 перометрмен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Құрылғы азаматтардың дене температурасын 2-3 секундта анықтайды. Қазірге дейін бекеттерде күдікті азаматтар анықталмады», — деді  департамент өкілі.

Сонымен қатар, Шымкент-Алматы тас жолы бойындағы Шақпақ бекетінде де блокпостта тәулік бойы кезекшіліктер тұр. Әр бекет тәулігіне 400-ге жуық көліктерді тексерістен өткізуде.

Бұдан өзге, Түркістан облысындағы әрбір ауданның әкімшілік шекараларында да эпидемияның таралуына тосқауыл қоятын арнайы мамандар бекеттерге жұмыс істеп отыр.