«ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ ТАБЫСЫҢДЫ ЕСЕЛЕЙДІ
Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз жүрген тұрғындарды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік тегін оқуға қатысып, толағай табыс иесі атануға шақырады.
Аталған бағдарламаның мақсаты – азаматтарды жұмысшы мамандығына даярлауда өз қабілеті мен қызығушылығына, мүмкіндігіне қарай білім беру, оларды қайта даярлау және кәсіптік біліктілігін көтеру. Соған сәйкес қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығындар және нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар қатыса алады.
Оқу ұзақтығы 3 ай уақытты қамтиды. Оның бір айы теорияға бағытталса, қалған екі ай тәжірибе түрінде өтеді. Қысқа мерзімді оқу аптаның 6 күнінде жүргізіледі. Әр күнгі оқыту ұзақтығы 6 сағат. Қысқа мерзімді кәсіптік тегін оқуға қатысуға өтініш берген кезде үміткер жеке басын куәландыратын куәлік, еңбек кітапшасы, білімі туралы құжаттың (аттестат, куәлік, диплом, (куәлік, сертификат) болған жағдайда) сынды құжаттардың көшірмелері мен форма №086 –У анықтамасын (мүмкіндігі шектеулі азаматтар жеке оңалту бағдарламасы (ИПР) және ДКК (ВКК) дәрігерден рұқсат қағаз алу керек) ұсынуы қажет.
Қысқа мерзімді кәсіптік тегін оқуға қатысушыларға нарықта сұранысқа ие төмендегі кәсіптер бойынша оқу курстары жүргізіледі.
Атап айтқанда, аспаз, кондитер, визажист, шаштараз, маникюр шебері, электрик, дәнекерлеуші, автоэлектрик және т.б. жұмысшы мамандықтар. Оқу қала аумағында орналасқан арнаулы орта оқу орындарында (колледждер), жекеменшік оқу орталықтарында және кәсіпорын жанынан ашылған оқу комбинаттарында жүргізіледі.
Оқуды аяқтаған соң, қатысушыларға мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі. Бұл өз кезегінде тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды бітірушілер куәлік алған соң, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға конкурсқа қатыса алады. Грант көлемі 100-200 АЕК тең.
Барлық сұрақтар мен мәліметтерді төмендегі мекенжай арқылы біле аласыздар.
Шымкент қаласы, «Нұрсәт» мөлтек ауданы, С. Бәйтереков көшесі №89, Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы. (5-кабинет)