МАЛ БАСЫ АЗ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕРЛЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛУДА

Қазақстан жер ресурстарын барынша тиімді пайдаланып жатқан жоқ. Бұл өзекті тақырыпты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет көтеріп, Үкіметке оны шешудің тетіктерін қолға алуды тапсырған болатын. Соның негізінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Жер ресурстарын тиімді пайдаланбау бойынша өзекті тақырыптардың бірі – жайылымның жетімсіздігі.

Ресми дерек бойынша елімізде барлығы 187 миллион гектар жайылым жер бар. Бірақ олардың барлығы мақсатты игеріліп жатқан жоқ. Бұл сөзімізге еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда жыл басынан бері атқарылған жұмыстары бойынша айтқан дерегі дәлел.
Оның сөзінше жергілікті атқарушы органдар нақты шаруашылықтарға бөлініп берілген жайылым жерлердің қаншалықты мақсатты пайдаланылып жатқанына талдау жүргізген. Талдау жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарға берілген 72,4 млн. гектар жайылымды қамтыған. Нәтижесінде шаруашылықтардың пайдалануына үлестірілген сол 72,4 млн.гектар жайылым жердің жартысына жуық бөлігінде мал басының жеткілікті мөлшерде еместігі анықталған. Соған сәйкес министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін арттыру жобасына кіріскен.
Өз кезегінде ведомства басшысы осы жылдың екі айында шамамен 1,8 млн. гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізді.
Министр мемлекет меншігіне қайтарылған ол жерлер алдағы уақытта жаңа жер пайдаланушыларға қайта бөлініп берілетінін және ауыл шаруашылығы айналымына тартылатынын мәлімдеді.