ЕЛІМІЗДЕ СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 120 МЫҢ ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН КӨЛІК ЖОЙЫЛҒАН
Қазақстанда тозығы жеткен темір тұлпарларды жоятын жалғыз зауыт бар. Ол Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнаулы
экономикалық аймағында 2017 жылы бой көтерген «Recycling Company» зауыты. Аталған өндіріс орны ашылғаннан бастап бүгінге дейінгі үш жыл ішінде 120 мың ескі техниканы жойған. Өндіріс орны жыл басынан бері 7 мыңға жуық машинаны утилизациялаған.
Қазақстанның барлық өңірлерінен келетін жарамсыз машиналарды қабылдайтын теңдесі жоқ жалғыз зауыт тозығы жеткен көліктерді жойып қана қоймай, олардың қалдықтарынан болат, алюминий, түсті металдар және тағы басқа өнімдер өндіруде. Осылайша ол өзге отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуде. Ел экономикасын көтеріп, экологиясын жақсартуға зор ықпал етіп жатқан зауыт қазіргі таңда үш ауысымда жұмыс істеуде. Алғашында бұл жоба 70 жаңа жұмыс орнын ашады деп жоспарланған болатын. Қазір кәсіпорын 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіпорынның жыл сайын қанатын кеңге жайып келе жатқандығының белгісі болса керек.
Қытымыр қыс аяқталған соң жұмысы қарқын алатын зауыттың жылдық қуаты 50 мың көлікті еңсеруге жетеді. Өз кезегінде зауыт жойылуға тапсырылған көліктерге оның жалпы жағдайына қарай 150-теңгеден бастап 300 мың теңгеге дейін сеттификат береді.