«ТҰРАНДАҒЫ» ТҮЙІТКІЛ 2021 ЖЫЛЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІЛЕДІ
Шымкентте коммуналдық сала бойынша шешімін күтіп отырған шағын аудандар мен елді мекендер көп-ақ. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов халыққа 2019 жылы атқарылған жұмысты қорытындылау бойынша есеп беру жиыны кезінде мегаполистегі 81 елді мекеннің 46-сы ғана сапалы жарықпен қамтылғаны туралы сөзі соның жарқын мысалы.
Сол кезде қала басшысы алдағы екі жылда бірқатар подстанциялардың қосылуы 30 елді мекендегі электр мәселесіне нүкте қоятынын айтқан болатын. Жарық мәселесі жырға айналған аумақтардың қатарында «Тұран» шағынауданы да бар. «Тұран» тұрғындары үшін толғақты мәселе тек осымен шектелмейді. Мегаполис тұрғындары болса да ондағы адамдар сапалы ауыз суға қол жеткізбеген. Көгілдір отын мен жарық жекенің қолында. Бұл ондағы тұрғындардың қалтасын қағады. Ақпан айының бел ортасында өткен есеп беру жиыны кезінде де тұрандықтар осы мәселелерді қала әкімінің алдына көлденең тартқан. Тіпті мәселені көзбен көру үшін қала басшысын арнайы шақырған.
Осы аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов «Тұран» шағынауданына ат басын бұрып, ондағы тұрғындармен кездесті.
Ауданда күйіп тұрған мәселе – ауыз су. Ондағы тұрғындар қашан сапалы ауыз сумен қамтылады? Көптің көкейін күпті еткен бұл сұраққа қалалық энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз «бүгінде «Тұран» шағынауданын ауыз сумен қамтамасыз ететін екі жоба жасалған. Бірінші жоба бойынша сатып алу конкурсы өткізілді. 2019 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүруде. Биылғы атқарылатын шаруаларға қосымша қаржы бөлінді. Екінші кезең бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде»,- деп жауап берді.
Ал газ бен жарықтың қашан мемлекеттік меншікке өтетіні туралы мәселеге Мұрат Әйтенов «Үш жылдық жоспар жасалды. Кәріз жүйесінен басқа аталған инфрақұрылым жүйелер құрылысы 2021 жылы толық аяқталады», -деді.
Қ. ҚАЛИЕВ.