ЖӘРДЕМ БЕРЕМІН ДЕГЕННІҢ БӘРІ ЖАҚСЫ АДАМ ЕМЕС
Былтыр Шымкентте пара алу, пара беру және делдалдық фактілері бойынша барлығы 26 қылмыс тіркелген. Пара алғанға да, пара бергенге де заң бойынша жаза көзделгені туралы түсіндіру жұмыстары жер жерлерде үздіксіз жүргізілсе де, оның орын алуы тыйылмай тұр.
Осыған орай, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері адамдар қандай жағдайда пара беруге қадам жасайтынына талдау жүргізген. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде азаматтар жауапты қызметкерге құжаттарды, сертификаттар мен рұқсаттарды беру, АӘК тағайындау, мүгедектікті ресімдеу, банкроттықты ресімдеуге жәрдемдесу сынды жағдайларда теңге ұсынатыны анықталды.
Азаматтардың осындай жағдайларда тірлігінің біткенін олжа көріп, қалтасындағы бар ақшасын аямайтын «әлсіздігі» кейбір әккілерге жақсы мәлім. Олар мұны заңға қайшы екенін біле тұрса да, өз мүдделері үшін пайдаланып, оңай олжаға батуды кәсіпке айналдырып алғандай. Бұл жерде біз жауапты мамандарды емес, алаяқтарды меңзеп отырмыз. Осыған орай Шымкент қаласының прокуратурасы азаматтарға мәлімдеме жасады.
Қадағалаушы органның мәлімдемесінде қазіргі таңда алаяқтардың азаматтарға жылдам әрі оңай түрде АӘК алуға, кезексіз пәтер мен жер телімдеріне қол жеткізуіне көмек беретінін айтып, сеніміне кіріп, белгілі бір мөлшерде сыйақы алып кетуі көбейген. «Бақсақ, бақа екен» демекші, кейіннен олар көмек көрсету былай тұрсын, өздерінің төбесін көрсетпей тайып тұрады. Мұндай қылмыстар соңғы кездері жиілеп кеткен. Мәселен, былтыр бір ғана Қаратау ауданында 430 алаяқтық дерегі тіркеліп, оның ішінде 91 іс сотқа жолданған. Ал 172 іс ашылмаған күйде мерзімдері үзілген.
Барлығы 100 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмыс санының бұлайша күрт көбеюін құзырлы орган аталған ауданда жаңа шағын аудандардың ашылып, тұрғындарға пәтерлердің берілуімен байланыстырады. Және де халыққа қызмет көрсету орталықтарының басым бөлігі осы ауданда орналасқандығымен түсіндіреді. Сонымен қатар, прокуратура өкілдері алаяқтардың халыққа қызмет көрсету орталығы мен түрлі мемлекеттік мекемелер алдында өздерін делдал ретінде қызмет көрсететін адамдар ретінде таныстыратынын алға тартады. Олар қылмыстық қызмет көрсету түрлерін жалған құжаттарды жасау жолымен атқарады және көрсететінін жеткізеді.
Біреудің тірнектеп жиған теңгесін қолды ететін ондай азаматтардың құрығына көбіне-көп көпбалалы аналар, жас аналар, білім және медицина саласының қызметкерлері түседі екен.
Жуырда Қаратау аудандық сотында «халыққа қызмет көрсету орталығында балаларға жәрдемақы жасап беретін танысым бар» деп, 51 адамның сенімдеріне қиянат жасау арқылы ақшаларын алаяқтық жолмен алған азаматшаға қатысты айыптау үкімі шықты. Қылмыстың осы түрінің салдарынан халыққа 105 млн.теңге мөлшерінде шығын келіп отыр.
Осындай оқиғаны нақты мысал ретінде келтірген прокуратура органы азаматтарға «Бұл қаржылар өздеріңіздің меншіктік жинақтарыңыз. Олар алаяқтардың қалтасына түспеу керек.
Мемлекеттен жәрдемақы алу рәсімі мен тәртібі ашық, сонымен қатар жосықсыз тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінен қауіпсіз түрде мемлекетпен қорғалған.
Мемлекеттік көмек алаяқтар үшін емес, мұқтаж адамдар үшін арналған.
Сіздерді барынша мұқият болуларыңызды, күдік тудыратын тұлғалардың уәделеріне сенім танытпауға және өз қаражаттарыңыздың қауіпсіздігін сақтауға шақырамыз»,-деп үн қатады.
Ж. АРМАНОВА.