МИЛЛИАРД МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛАДЫ МА?
Биыл Шымкент қаласының әр ауданына бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға қаладағы Абай, Әл-Фараби, Қаратау жән Еңбекші аудандарының әкімдігі жергілікті жердегі аулаларды абаттандыру мен өзге де коммуналдық шаруашылық мәселелерді шешетін болады. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов өзінің есеп беру кездесуінде айтқан-тын. Шымкент тарихында бірінші рет жүзеге асып жатқан мұндай жүйе негізінде қандай істер қолға алынады? Бюджеттен бөлінген бүтіндей 1 миллиард теңге қандай мақсаттарға жаратылады?
Қаратауда 10 ашық чпорт алаңы орнатылды
Қаратау ауданы әкімі аппаратының хабарлауынша, бөлінген қаржының 382,4 млн. теңгесіне «Нұрсәт» шағын ауданындағы ескі сегіз аула толық абаттанудан өтіп, заманауи ойын элементтері мен жаттығу жабдықтарын орнатуға қарастырылады.
Ал 234,5 миллион теңге «Нұрсәт», «Қайтпас», «Мирас», «Таскен», «Достық», «Қайнарбұлақ» шағын аудандарында 10 ашық спорт алаңын орнатуға бағытталады.
Миллиард теңгенің тағы бір бөлігіне «Нұрсәт», «Асар», «Қайнарбұлақ» шағын аудандарында 13 спорт алаңы жөнделеді. Бұл үшін 106,4 млн теңге қарастырылып қойған. Сонымен қатар, 200-ден астам қоқыс контейнерлері жаңартылады.
Еңбекшіді 50-ден астам жаңа аула салынды
Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов бюджеттен бөлінген миллиард соманың барлығы шағын аудандар мен тұрғын алаптардың төңірегін абаттандыруға жұмсалады.
Жоспар бойынша, 2020 жылы ауданда бірқатар 72 көпқабатты үйлерді қамтитын 57 жаңа аула алаңы салынады. Сонымен қатар тозығы жеткен бірқатар аулалар жөнделіп, ондағы ойын элементтері жаңартылады. Барлығы 28 көпқабатты үйдің жанындағы 21 балалар алаңы жөнделеді.
Аулалар мен алаңдарды ішінара асфальттау бағытында да ауданда қарқынды жұмыстар атқарылады.
Бұдан өзге аудан аумағында алты ашық спорт алаңы салынады. Жаңадан бой көтеретін спорт алаңдары тек шағын аудандарда ғана емес, сондай-ақ, шалғай елді мекендерде де бой көтереді.
Ауданның бірқатар аумағында көпшіліктің қолданысындағы біраз баспалдақтардың тозығы жеткен. Осыған орай биыл шағын аудандар мен тұрғын алаптардағы ұзындығы 90,7 метр сегіз баспалдақты абаттандыру және қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Әл-Фарабида аулалар абаттанып, спорт алаңдары жаңартылды
Миллиардтаған қаржыны тиімді жұмсау орталық Әл-Фараби ауданы үшін проблема емес. Себебі, онда 400 аулаға біріктірілген 672 көп пәтерлі үй орналасқан. Осыған орай аудан әкімдігі тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, төмендегідей тірліктерді орындауды жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, аудандағы көпқабатты үйлердің 30 ауласын абаттандыру, 33 спорт алаңын жаңарту және 400 қоқыс контейнерлерін сатып алу.
Бүгінде аудандағы 192 орынға қойылған 700-ге жуық контейнерлердің 80 пайызының тозығы жеткен.
Сондай-ақ, бюджеттен бөлінген миллиард қаржы ауданның әртүрлі бөліктерінде, соның ішінде шеткі жерлерде шағын саябақтар, скверлер, спорт алаңдарын құру бағытында жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.
Абайда 41 аула абаттанды
Абай ауданы бюджеттен бөлінген қаржыны игеру жұмыстарына наурыздан бастап кіріседі. Алдағы наурызда ауданда аулаларды абаттандыру, балалар ойын кешендерін жөндеу, қайта жаңарту және спорт алаңдарын салу жұмыстары басталады.
Абай ауданы әкімі аппаратының мәліметі бойынша, биыл 41 ауланы абаттандыру және балалардың ойын элементтерін ауыстыру жоспарлануда.
2011-2014 жылы орнатылған 14 спорт алаңы жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда ол алаңдардың көпшілігінің еден жабыны, қоршаулары ескірген. Қосымша сегіз жаңа спорт алаңы орнатылады.
Сондай-ақ, аудандағы 81 көшедегі үйлерде көше атауы жазылып, QR-коды көрсетілген жаңа үлгідегі тақтайшалар пайда болады. Қоқыс контейнерлерін жаңарту жұмыстары да қолға алынады.