БАЛАЛАРҒА МЕЙІРІМ СЫЙЛАУ – БАРШАҒА ОРТАҚ

Түркістан облысында үш балалар үйі бар. Онда 200-ге жуық өрендер тәрбиеленуде. Солардың бірі Төлеби ауданында орналасқан. Онда ата-ана қамқорлығынан айырылған 60-қа жуық өрен тәрбиеленуде. «Балам дейтін ел болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болады» дегендей, оларға әрдайым қамқорлық көрсетіп, мейірім таныту, қолдан келсе көмек беру қайырымды істердің төресі екені баршаға белгілі. Мұндай ілтипат олардың өмірде өз кетігін тауып, қоғам дамуына өзіндік қолтаңба қалдыруына жасалған басты қадамдардың бірі болмақ. Осы мақсатта Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Жаңа жыл мерекесіне Төлеби ауданындағы балалар үйіне бет алып, ондағы өрендерге базарлық жасады.
Мерекелік шара аясында өткізілген мұндай тарту-таралғыға балалар мәз-мейрам болып, шат-шадыман қуанды. Қуанышты еселеу үшін балалар үйінде шырша безендірілді. Түрлі анимациялық фильмдердің кейіпкерлерін сомдаған өнерпаздар да балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал Аяз ата мен Ақшақардың тақпақ айтып, ән салғандарға сыйлық үлестіруі балаларды таңғажайып ертегінің арасында жүргендей әсерге бөледі.