БІЗДІҢ МҰРАТ – ЕЛ ЖАҢҒЫРУЫНА ҮЛЕС ҚОСУ
Биыл «Nur Otan» партиясының құрылғанына 20 жыл толып отыр.
Осы мерзім ішінде билеуші партия дәрежесіне көтерілген «Nur Otan» мемлекетке, жалпы қоғамға үлкен саяси күш ретінде танылса, оның Парламент Мәжілісі мен облыс, қала, аудан мәслихаттарындағы фракциясы жұртшылықтың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын жоқтайтын, халық пен биліктің бірлігін ұштастыратын буын ретінде қызмет жасап келе жатқанын қалың бұқара жақсы біледі.
«Nur Otan» партиясының ең басты мақсаты – ұлт Тәуелсіздігінің тірегі болу, дамыған 30 елдің қатарынан табылуды көздеген мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық күш-қуатын еселеуге күш салу. Бүгінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен осы бағытта бірқатар нақты стратегиялық міндеттер белгіленіп, оларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері белгіленді. Жұмыс жан-жақты, жүйелі жүргізіліп жатыр. Осыған орай, партия Төрағасы соңғы екі айдың ішінде екі рет республикалық көлемде үлкен басқосу өткізді. Екі жиында да Нұрсұлтан Назарбаев елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы «Nur Оtаn» партиясының айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, партия мен оның фракцияларының қызметін күшейтуге байланысты жаңа міндеттер жүктеді.
– Біз – ел болашағына жауапты бүкіл Қазақстан халқының партиясымыз, нақты істер партиясымыз. Бізде Қазақстанның дамуына қатысты нақты ұстаным бар, тиісті стратегия мен жұмыс жоспарлары бекітілді, қажетті ресурстар қарастырылған, – деді Елбасы сөйлеген сөзінде.
Партия Төрағасы партия мүшелерін, тұтас қоғамды Мемлекет басшысы алға қойған ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруда белсенділік танытуға және Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегінде топтасуға шақырды. Елбасының «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты үш бағыттан тұратын бағдарламасымен сабақтас тапсырмаларды орындау партия филиалдары мен мәслихаттардағы фракциялардың жауапкершілігін арттыра түседі.
Партия үшін адам тағдыры әрқашан бірінші орында тұрады. Депутаттық фракция бюджеттік шығындардың басым бөлігінің әлеуметтік салаға жұмсалуын тұрақты назарда ұстап келеді. Соның нәтижесінде облыста жаңа мектептер, медицина нысандары, балабақшалар, мәдениет сарайлары, спорт алаңдары салынып, қарапайым адамдардың игілігі үшін қызмет етуде. Қаншама тұрғын үйлер бой көтеріп, пәтер кезегінде тұрғандар баспаналы болып жатыр. Мұндай әлеуметтік қолдау барша Түркістан облысы халқына тың күш-жігер беріп, жайлы өмір сүруіне, қоғам дамуы үшін алаңсыз еңбек етуге жұмылдырады деп ойлаймын.
Елбасы «Депутаттар – партияның діңгегі, белсенді электораттың негізі» дей отырып, фракция мүшелеріне азаматтар көтерген тиісті мәселелерді мемлекеттік органдардың қатысуымен нақты шешуде бюрократияға жол бермеуді қатаң тапсырды. Бұл ретте Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес құрамына кіретін депутаттардың белсендірек әрекет етуі қажет екенін де ескертті. Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция мүшелері өз тарапынан бұл тапсырманы бұлжытпай жүзеге асыруды қолдайды және тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен жүйелі кездесу өткізу арқылы халыққа жақын болудың жолдарын берік ұстанады. Тәжірибе көрсеткендей, азаматтармен тікелей жүздесу, ашық пікірлесу тұрғындарды мазалайтын әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді оңды шешуге мүмкіндік береді.
Бұл бағытты «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев филиал қызметкерлерімен тұрақты түрде аппарат жиынын өткізіп, азаматтар ұсынған тақырыптарды ашық талқылау бастамасы баршаның қолдауына ие болды. Төрағаның мемлекеттік орган басшыларына бюрократтық кедергіні жойып, тұрғындардың талап-тілектерін жедел шешіп отыруды тапсыруы фракцияға да жаңа серпін берді. Кейбір шұғыл мәселелер азаматтардың тұрғылықты жерінде, депутаттар мен аудандық әкімдік қызметкерлерінің қатысумен бірлесе шешілетін болды.
Фракция мүшелері партияның «Мектепке жол», «Мобильді халыққа көмек» акцияларына, басқа да іс-шараларға белсене қатысып келеді. «Nur Otan» партиясының басты міндеті қоғамдағы ұзақ мерзімді көшбасшылықты сақтау болғандықтан, фракциямыз Сайлауалды бағдарламада халыққа берілген партия уәдесін орындауды тұрақты назарда ұстайды. Партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасын, «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобаларын, мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда жетекшілік жасап, үлгі көрсетуде. Жалпы, «Nur Оtаn» партиясының ортақ рейтингісі барлық деңгейдегі депутаттар жұмыстарының нәтижесінде қалыптасатыны айқын. Әрине, фракциямыз алдағы уақытта да партия талабына сәйкес, әлеуметтік қолдау, жаңа еңбек орындарын ашу, елді дамытуда өзінің көшбасшылық, қадағалаушылық қызметін жалғастыра беретін болады. Партия мен қоғам өзара сенім арқылы бірлесе жұмыс атқарғанда, алар асуымыз бен шығар биігіміз қашан да нәтижелі болмақ. Еліміздің жасампаз істері еселеніп, халқымыздың бақуатты тірлігі арта берсін.
Алмас САЛИМОВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының депутаты.