ТОҚАЕВТЫҢ ТОҒЫЗ АЙДАҒЫ ЖҰМЫСЫ ТҮЙІНДЕЛДІ

Осы аптада Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тұтқасын ұстаған 9 айдан бері атқарған жұмыстары туралы баяндады. 

Баспасөз хатшысының дерегіне сәйкес, Қасым-Жомарт Кемелұлы қызметіне кіріскен наурыз айынан бастап желтоқсанның аяғына дейін ел аймақтарына 25 рет сапар жасаған. Президент кейбір аймақтарға екі рет табан тіреген. Сонымен қатар ол, 31 елдің басшысымен телефон арқылы байланысқан.
Естеріңізде болса, сәуір айының басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездескен болатын. Сол кезде отандық БАҚ көрші елдің басшысы да, Сыртқы істер министрі де Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда қарсы алмағаны туралы жарыса жазған-тын. Желіде «Қазақстан Президентіне құрмет өз деңгейінде көрсетілмеді» деген пікірлер тараған. Кейіннен еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мұндай «дүрлігудің» болуына кейбір БАҚ-тың аталған ресми сапар кезінде президентті қарсы алғандар арасында Ресейдің сыртқы істер вице-министрі Александр Панкиннің болғанын жазуды ұмытып кеткендігімен байланыстырып, ресми сапар өз деңгейінде болғанын атап өтті. Сонымен қатар ол, мемлекет және үкімет басшылары басқа елдің президентін мемлекеттік сапарлар кезінде ғана қарсы алатынын атап өтті. Ал Тоқаевтың сол кезде Ресей еліне баруы ресми сапарға жатқызылған болатын.
Жалпы тоғыз ай ішінде мемлекет басшысы аталған сапарды қоса есептегенде 12 елге сапармен барған. Оның ішінде Өзбекстан, Қытай, Қырғызстанға мемлекеттік сапар жасаған. Ресей және Германияға ресми сапармен, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения және Ресейге екі рет жұмыс сапарымен барған.
Бұдан бөлек, ел президенті 9 халықаралық жиынға қатысқан. Мемлекетаралық байланыстарды өзара нығайту мақсатында Ресей президенті Владимир Путин, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Германия канцлері Ангела Меркельмен кездескен.
23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның шетелдердегі 30 елшісін тағайындаған. Осы жылдың наурызынан бері 45 заң, 226 жарлық, 68 өкімге қол қойған.
Берік Уәли тоғыз ай ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлының 112 796 шақырым жол жүргенін, бұл үшін 181 сағат 36 минут уақыт кеткенін тілге тиек етті.