СЫРЫМ СЕРТІНЕН ТАНБАДЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жер» жобасы қолға алынғаны белгілі. 

Осы мақсатта жаны жомарт жандар туған жерге тағзым ретінде талай тағылымды тірліктердің ұйытқысы болып, өскен өлкені көркейтуге үлес қосқаны белгілі. Солардың бірі Түркістан облысының тумасы «Қайып ата» ЖШС басшысы, елімізде ет экспортының әлеуетін көтеріп жүрген Сырым Ертаев. Істің көзін тауып, бірді екі ете алған жас кәсіпкердің өз жұмысының машықты маманы ретінде талай орталарда топ жарып келе жатқаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Сонымен қатар ол, жаны жомарт жан ретінде қаншама адамға қайырым жасап, кең пейіл танытып жүргендігімен де танымал.
Жомарт жан деген сөздің үдесінен шыққан кәсіпкер Жаңа жыл қарсаңында Қазығұрт ауданындағы екі отбасыға баспана сыйлады. Жылдар бойы өз баспаналарына қол жеткізе алмай келе жатқан отбасылардың бірі көп балалы болса, екіншісі ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек еткен жанұя болып табылады. Әп-сәтте «өз үйі – өлең төсегі» болып, қуаныштан мәре-сәре күйге енген қоныстой иелерін аудан әкімі Төлеген Телғараев пен кәсіпкер Сырым Ертаев арнайы құттықтап, игі тілектерін арнады. Аудан басшысы қоныстой иелеріне үй ажарын аша түсетін жиһаздарды сыйға тартты.
Екі отбасыға берілген үйлер жап-жаңа. Ауданның «Қазығұрт» шағын ауданынан бой көтерген баспаналар төрт бөлмеден тұрады. Баспаналар күнделікті тіршілікке аса қажет су, жарық, табиғи газбен қамтылған. Бұдан бөлек, өз алдына 15 соттық жері тағы бар.
Жалпы мал шаруашылығы кәсібінің арқасында нәсібін тауып жүрген кәсіпкер Сырым Ертаев бұған дейін біраз отбасының баспаналы болу бақытына кенелуге себепкер болған.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың ақпан айында да ол Қазығұрт ауданындағы екі көп балалы отбасыға баспана салып берген болатын. Сол кезде ол мұндай қайырымдылық істерді алдағы уақытта да қолға алатынын айтқан еді. Бүгінгі біз куә болып отырған игі іс Сырым Ертаевтың өз сөзінен таймайтын, берген уәдесін екі етпей орындайтын азамат екенінің жарқын мысалы болып тұр.

С. НҰРАЙ.